Қазақстан мен Ресей сауда айналымын 30 млрд долларға жеткізбек
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымын 30 миллиард долларға жеткізу мүмкіндігі бар. Өйткені жыл сайын алыс-беріс ұлғайып келеді. Инвестиция саласында да оң үдеріс байқалады. Еліміздің экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды.
Қазақстан – Ресей байланысы барлық негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Өндірістік кооперация саласындағы бағдарлама іске асырыла бастаған 5 жыл ішінде 100-ге жуық ортақ жоба құрылды. Сауда саласында да оң өзгеріс бар. Былтыр алыс-беріс көлемі 28 миллиард доллардан асты.
Александр Васин, кәсіпорын басшысы:
Қазақстанмен әріптестігіміз ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Тіпті басты серіктесіміз десем де болады. Біз сіздерге көптеген комбайн мен техниканы жеткіздік. Болашақта заманауи машиналарды да тасымалдау жоспарда бар. Оған қоса ірі, ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Екіжақты инвестиция да 18,5 миллиард долларға жуықтаған. Нәтижесінде 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания жұмыс істейді. Сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр.
Инна Андронова, экономика ғылымдарының докторы:
Біз үшін ең маңыздысы қос елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы. Сол үшін экономиканың дамуына баса мән берген жөн. Жыл сайын әріптестік көкжиегі де кеңейіп келеді. Менің ойымша, өнеркәсіп өндірісін ары қарай да дамытып, бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру керек.
Алдағы уақытта да ынтымақтастықты тереңдету жоспарлануда. 49 жоба қолға алынған. Бұл тағы 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Индира Бегайдар
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
