Сарапшы: Қаржы нарығында тұрақтылық бар
Ұлттық Банк қаржы жүйесінің тұрақтылығына нұқсан келтіретін тәуекелдердің алдын алу тиіс. Алматыда Нархоз университетінің алаңында өткен Ұлттық банктің сараптамалық-талдау пікірсайыс отырысында сарапшылар осылай деп отыр. Талқылауға экономистер, қаржы мамандары мен тәуелсіз сарапшылар қатысты. Жиында Ұлттық Банк дамытуы керек негізгі бағыттар айтылды.
Отырыста сарапшылар елдегі қаржы жүйесінің тұрақтылығын реттейтін макропурденциялық саясаттың басым бағыттарын шолып шықты. Бұл құжат актив бағасының шамадан тыс өсуі мен қарыздың артуын алдын алады, сол секілді, экономиканың дағдарысқа төтеп беруін қамтамасыз етеді, дейді қаржы мамандары.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
Құжат былтыр халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып әзірленді. Макропруденциялдық саясат қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар банктердің ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал қаржы секторында ұзақ мерзімді өсімді қамтамасыз етеді.
Сыртқы сектордың тұрақтылығын зерттеу кезінде мамандар Ұлттық қордың қаржы жүйесіне әсерін анықтады. Сарапшылар валюта бағамы күрт төмендеп, экономикадағы ахуал күрделенсе де, еліміздің қаржы қоры мәселені еңсеруге қауқарлы екенін айтады.
Азат Өскенбаев, ҚР ұлттық банкі төлем балансы департаментінің директоры:
Зерттеудің нәтижелері бойынша біздің республикамыздың сыртқы өзгерістері, яғни, ол алтын-валюта резервтері және алтын қоры, екеуінің активтерін бірге қарастырсақ, ол потенциалды сыртқы дағдарыспен салыстырсақ, активтермен жеткілікті екенін қорытындылайды. Тәуекелдер бар. Бірақ, олардың деңгейі өте аз. Бүкіл қаржы жүйеміз тұрақты.
Зерттеуде экономикадағы тәуекелдерді бағалау үшін дағдарыс кезіндегі валютаға деген сұранысқа да назар аудару қажет екені анықталды. Тұтастай алғанда жаңа тәсіл қаржы жүйесінде туындайтын тегеурінді сын-қатерлерді барынша азайтып, сыртқы факторлардың ел экономикасына теріс ықпалынан қорғайды, деп тұжырымдады сала мамандары.
Айдана Қуантхан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
