Әшімбаев: Ашаршылық тақырыбына қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең зерттеулер керек
20 ғасырдың бас кезіндегі ашаршылық қазір қайта зерттеуді қажет етеді. Бұл жайлы Сенат ұйымдастырған «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбындағы жиында айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында 1921-22 жылдардағы ашыршылықты жан-жақты зерттеу керегін айтқан еді.
ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық туралы қазіргі қолда бар деректер нақты ақпарат бере алмай тұр. Тіпті зұлмат жылдар қанша тағдырды жалмағаны да белгісіз. Қайтыс болған адамдардың саны сол уақыттағы халық санағына сүйене отырып қана жасалған. Оның өзінде әр деректе әр түрлі сан келтіріледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек. Осынау нәубет жылдардың ашылмай, тасада қалған тұстары әлі де болса көп. Сондықтан ашаршылық тақырыбына қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек деп есептейміз.
Қазір қазақстандық тарихшылар осы қасіретті қайта зерттеуге кіріскен. Бұл тоталитарлық жүйенің халыққа қарсы озбыр саясатын не үшін және қалай жүргізгеніне нақты жауап алуға көмектеседі.
Еркін Әбіл, Мемлекеттік тарих институтының директоры:Әлеуметтік желілерде интернетте осы мәселені көп көтеріп жүр. Бірақ, көбі маман емес. Сосын бұл мәселені көп саясиландырып жібереді. Сондықтан академиялық, бүкіл эмоцияны қалдырып, деректерге сүйеніп, шынайы зерттеу өткізу керек.
Яғни, объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толық зерттеу керек және қандай қателіктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеу қажет. Ал, ашаршылық тақырыбын көтеру егемендіктің қадірін терең түсіну, біртұтас тәуелсіз ұлттық сана қалыптастыру және тарихтан тағылым алу үшін керек деді жиынға қатысушылар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:Тоталитарлық режимнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілді. Соның салдарынан Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, 30-жылдардағы аштықта Кеңес Одағында жеті миллионнан астам адам көз жұмған. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал.
Айтылған деректерді ескере келе ел ішіндегі мұрағаттармен қатар барлық көршілес елдердің архивтерінен ақпарат алуды және зерттеу жұмыстарын тиісті деңгейде қаржыландыру керек. Жиынға қатысушылар жауапты министрлікке осындай ұсыныстарын жіберді. Сондай-ақ, тарихшылар ашаршылық жылдарын ұлттың жадында сақтау мақсатында «Аза Сарайы» мемориал-кешенін салу туралы мәселені қайта қарауды сұрап отыр.
Оңғар Алпыысбайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
