Биылғы президент сайлауы егемен Қазақстан тарихындағы жетінші науқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Биылғы президент сайлауы егемен Қазақстан тарихындағы жетінші науқан

Биылғы президент сайлауы егемен Қазақстан тарихындағы жетінші науқан

Биылғы президент сайлауы бұл егемен Қазақстан тарихындағы жетінші науқан. Осыған дейін елімізде 6 саяси дода өтті. Ол науқандарда халықтың белсенділігі қалай болды?

Қазақстанда президенттік институт 1990 жылдың 24 сәуірінде құрылды. Ал алғашқы сайлау егемендіктің таңы енді ғана атып келе жатқанда, 1991 жылдың 1 желтоқсанында өтті. Ел жұрты ол кезде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президентін сайлады. Сайлаудан кейін бірнеше күн өткен соң республика өзінің жаңа ресми атауын алды. Бірінші сайлауға дауыс беруге құқығы бар 9 млн 961 мың азаматтың 88 пайыздан астамы қатысты.

Екінші президенттік сайлау 1999 жылы өтті. 1998 жылдың қазан айында Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Мемлекет басшысы үшін де бірқатар өзгерістер енгізілді. Осыдан кейін бір топ депутаттар мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерді. Сайлау уақыты 1999 жылдың 10 қаңтары деп бекіді. Бұл науқанға ресми дерек бойынша сайлаушылардың 87 процентінен астамы қатысты. Яғни 7 млн 330 мыңға жуық адам өз таңдауын жасады.

2005 жылы елімізде кезекті Президент сайлауын өткізу туралы пікір талас туындады. Сарапшылар мен саясаткерлердің бір бөлігі сайлау 2005 жылдың желтоқсанында, ал тағы бір бөлігі 2006 жылдың желтоқсанында өтуі тиіс деп есептеді. Осы коллизия бойынша Республикалық Конституциялық кеңес талдау жасап, сайлау 2005 жылдың желтоқсанында өтуі керек деп қорытынды жасады. Мәжіліс оны 4 желтоқсанға бекітті. Бұл сайлау электораттың белсенділігі бойынша ең төменгі науқан болып есептеледі. Дауыс беруге құқы бар тұрғындардың 76 пайыздан астамы, яғни 6 млн 745 мыңға жуық адам қатысқан.

2011 жылы кезектен тыс сайлау өтті. Негізі ол 2012 жылға жоспарланған еді. Әуелде президенттікке 22 кандидат ұсынылды. Алайда аламанның ақтық сынында тек 4 кандидат қалды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, ел аумағында 9 725 және Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері жанында 35 сайлау учаскесі құрылған. Елдегі сайлаушылар тізіміне 9 миллион 180 мың адам тіркелді. Сайлауға қазақстандықтардың 89 пайызы қатысқан болатын.

2015 жылы ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі елімізде мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуге шақырды. Осылайша дауыс беру күні осы жылдың 26 сәуіріне белгіленді. Бұл сайлау дауыс берушілердің белсенділігімен ерекшеленді. Ресми дерек бойынша оған электораттың 96 пайыздан астамы, яғни 9 млн 242 мың адам қатысты. Ал науқан барысын мыңнан астам халықаралық байқаушы қарады.

2019 жылы елімізде алтыншы президенттік сайлау өтті. Бұл жолы додаға рекордты кандидаттар саны тіркелді. 7 үміткер ақтық сынға шықты. Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 9 970 болды. Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде 65 учаске жұмыс істеді. 967 халықаралық байқаушы келді. Сайлаушылардың 77 пайызы дауыс берді.

Шерхан Жамбылұлы


Автор
Редакция
Бөлісу