Starlink келді: Енді ауыл балалары шатырға шығуды ұмыта ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Starlink келді: Енді ауыл балалары шатырға шығуды ұмыта ма?

Starlink келді: Енді ауыл балалары шатырға шығуды ұмыта ма?

Қазақстанға Starlink-тің 1250 қондырғысы әкелінді. Олардың алғашқы партиясын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусиннің өзі қабылдап алды. Осы бір-екі аптада қалғандары, жиыны 2000 комплект әкеледі.

Starlink Илон Масктің SpaceX компаниясының өнімі. Интернет жоқ немесе әлсіз жерлерде жоғары жылдамдықтағы кең жолақты спутниктік байланысты қамтамасыз етеді. Спутниктері орбитада Жерден 300 шақырымға дейін қашықта орналасқан.

Саны 5 мыңнан асады. Біздің өкіметтің мақсаты - мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету, қыратқа не төбеге шығып, интернет іздеу мәселесін жою. Интернеттің жоқтығы, жоқтықты тереңдете беретінін талдап жату артық. Бірінші кезекте білім алу жолында.

Айтпақшы, Парламент Мәжілісі Starlink-ті қолдануға рұқсат беретін заңды қабылдап, Сенатқа жіберді.

Starlink-тің қондырғылары орнатылатыны елең еткізетін жаңалық. Мектеп ғана емес, ауылдың адамдарына да шапағаты тиіп қалар деп топшылаймыз. Төлейтін ақысы сонша бір көп емес шығар деп те. Ақмола облысы Майшұқыр ауылына барып келген Елдос Есенболдың репортажында.

Елдос Есенбол, тілші:

«Ащыкөл, Тұщыкөлдің арасы бір» деп келетін өлең жолдары бар Дударай әнін бәріміз білеміз. Міне, сол Ащыкөлдің жағасындағы Майшұқыр ауылына келдік. Осындағы мектепте Starlink кеңжолақты интернетін пилоттық режимде орнатқан. Соның жұмысымен танысалық.

Жүсіп Махметов, Майшұқыр негізгі орта мектебінің директоры:

Интернет қондырғалы мектептің алдында жүр қызық көріп. Ауылда интернет желісі жоқ. Балалар жүрді. Одан кейін біз оған код қойып, қазір кіре алмайтын болды.

Starlink- тің ерекшелігі – машақаты аз. Тарелкасын төбеге қойып, сигналын дәл тапсаң жеткілікті. Біз әуелі үлкен экраннан арнайы тест арқылы интернет жылдамдығын тексеріп көрдік...

Жүсіп Махметов, Майшұқыр негізгі орта мектебінің директоры:

Енді біз интернетті пайдаланбай тұрып, таңертең осы тестке қосылып жылдамдықты анықтап, білім бөліміне есеп береміз. Ол уақытта енді 150-180 болып тұрады. Кейін сабақ басталғанда, мұғалімдер қосылғанда, ол төмендейді.

Елдос Есенбол, тілші:

Алайда үлкен экран мен ноутбуктағы интернет жылдамдығында айырмашылық бар...

Кейінірек мұны IT мамандары интернет жылдамдығы құрылғының қабылдау қуатына да байланысты деп түсіндірді.

Әйгерім Төребекова, Майшұқыр негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

Starlink қойғаннан кейін біздің сабақтарымыз өте қызықты балалар үшін. Қуана келеді. Kundelik.kz платформасын жылдам толтыруға тырысамыз. Оған дейін терезенің алдына қойып қоятынбыз. Терезенің алдында тұрады. Ол ауа-райына да байланысты болады. Қыстыгүні боранда, желде тіпті қиын.

Оқушыларды да сөзге тарттық. Жасөспірімдер кейде сабақ аяқталса да, мектепте аялдап қалатынын жасырмайды.

Нұрасыл Бүркіт, Майшұқыр негізгі орта мектебінің оқушысы:

Сабақтан бөлініп, басқа да дүниелерді қарау үшін көреміз ғой. Ауылда істейтін жұмыс көп қой. Үйдің шаруалары көп. Ал былай үйде қатты интернет ұстамайды. Күшейткіш бар. Соларды іліп қойып, қазір солармен ғана көреміз.

Нұрасылдың айтып тұрғаны осы. Байланыс қуатын арттыратын арнайы құрылғы.

Серік Нұркенов, Майшұқыр ауылының тұрғыны:

Ауылда интернет деген жоқ. Мынадай күшейтетін сатып алғанбыз. Қырық мыңнан сатып алғанбыз. Сол арқылы бірде бар, бірде жоқ. Кейбірде болмайды. Ол үшін мынадай төбенің басына міну керек. Интернет болса, бәрін біліп отырамыз ғой. Ал қазір кейбір жерде ұстайды, кейбір жерде ұстамайды. Оны біз кешіктіріп нетеміз.

Байланыс аясынан тыс жердегі ауыл тұрғындарының базынасы көп.

Елдос Жұмажан, Майшұқыр ауылының тұрғыны:

Міне, сеть жоқ деп тұр ғой өзі. Енді өте қиын жағдай. Ауылдың маңында шабындық жер өртенген кезде өрт сөндірушілерге хабарласу үшін өз басым мынау үйдің қасында тұрған гараждың үстіне шығуға тура келді. Ал ол екі ортада гаражбен шығып, хабарласып болғанда әжептәуір уақыт өтіп кетті.

Ет аңдыған жыртқыштай, терезе жағалап сеть аңдиды мұндағылар.

Елдос Жұмажан, Майшұқыр ауылының тұрғыны:

Қолдан істеген вай-фай дейміз енді өзіміз. Бірақ былай айтқанда раздача ғой арнайы терминмен айтатын болсақ. Жаңағы телефонды қозғалтпай, скочтпен жапсырып терезеге қойып қойдық. Ауылдағы жеңгелеріміз ай-күндері жетіп босанар кезде жол жоқ. Сондай кезде ТЖ мамандарына хабарласып, алып кет деп айту үшін. Хабарласа алмады, өкінішке қарай.

Мессенджердегі хатымыз да, жауаптыларға айтқан датымыз да жетпей жатыр дейді.

Ағыбай Смағұлов, Майшұқыр ауылдық округінің бас маманы:

Старлинк компаниясы да солай келіп өзгерістер кіргіземіз деген. Бірақ олар мына бағананың басынан өткізеді екен сымды. Оған АРЭК рұқсат бермеуі мүмкін. Өйткені ақша төлеу керек артық. Ауыл халқының саны 250-ге толу керек дейді. Сонда біз сол мұнара қоя аламыз дейді. Болмаса бізге енді инвесторлар керек шығар. Өз ақшасына қойып беретіндей. Осы жақта жұмыс істеп, егін сеуіп жатырған жігіттер бар, сонымен ақылдасып көреміз деп жатырмыз.

Абзал Әлиев, Республикалық ғарыштық байланыс орталығы сату және халықаралық қатынастар департаментінің директоры:

Негізі Старлинк желісі жүйесін жасау бойынша ол жеке доступ қой. Оны енді техникалық жағынан жан-жаққа таратуға болады негізі.

Айдын Серікбаев, ҚР ЦДИАӨМ Сымсыз байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы:

Старлинк жүйесін тарату жеңілірек болып табылады. Жай тілмен айтқанда сымды-оптикалық жүйесін тарату үшін біз алдымен траншея қазамыз. Сол сияқты оның ішіне оптикалық жүйені салғаннан кейін жұмыстар көбірек болады былай айтқанда.

Сөз жүзінде солай болғанымен іс жүзінде Старлинк интернеті әзірге тек 2000 ауыл мектебіне ғана қосылмақ. Әзір қарапайым азаматтарға бұл озық технологияны қолдануға болмайды.

Айдын Серікбаев, ҚР ЦДИАӨМ Сымсыз байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы:

Қауіпсіздік комитетінің қойған арнайы ограничениялары бар. Сол талаптарға сәйкес, қазіргі таңда кез-келген азамат оны қоя алмайды. Осы пилоттық жоба сәтті іске асқаннан кейін бұл сұрақ жан-жақты қарастырылатын болады.

Ақпараттық қауіпсіздік маманы Қозыке Сатыбалдының сөзінше Starlink қолданған тұлғаның жеке деректерін мемлекет қорғай алмайды. Бірақ қорғалған жүйенің өзінен ақпараттың «ағып кеткенін» естіп жүрміз...

Қозыке Сатыбалды, ақпараттық қауіпсіздік маманы:

Оқушылардың мүмкін жеке деректерінің шығып кетуі мен оқушылардың балалық шағында интернеттің не екенін білмей өскенімен екеуін салыстырып көру керек сияқты. Ертең қалаға келген уақытта интернеттегі браузердің не екенін білмейтін балалар мынау қаладағы өмірге икемделіп кетуі өте қиын болады. Мүмкін ол бағдарламалау тілдеріне қызығатын шығар. Ал ауылда ол туралы ешқандай ақпарат жоқ. Мүмкін Илок Масктар сол ауылдан шығатын шығар.

Айтпақшы, отандық маркетплейсте осындай Starlink интернетін орнаптып беремін деген жарнаманы көзіміз шалды. Бағасы 950 000. Ай сайынғы төлемі 200 доллар шамасында болады екен... Бірақ жауапты министрлік мұндай жағдайдан бейхабар болып шықты.

Астананың маңы емес, бас қаланың өзінде де байланыспен проблема. Оң жағалаудағы бірнеше үйдің осындай мұңы бар.

Фархат Қаналы, журналист:

Үйге роутер сатып алмақшы болдым. Сол оператордың тарифына жүгінбекші болдым. Сөйтсем тарифы бір 20 мыңдай тұрады екен бір айға. Одан кейін роутерін бөлек сатып аласың. Одан кейін интернет күшейткіш деген болады. Оны бөлек сатып аласың. Сонымен бір 40-50 мыңдай шығып кетеді. Айына 20 мыңнан төлеп отырасың. Ол өте қымбат ақша деп ойлаймын.

Негізі тұрғын-жайлардағы интернет мәселесін байланыс мұнарасын орнатып оңай шешуге болады.

Фархат Қаналы, журналист:

5G интернет қондыру жөнінде жай ғана бастама көтере салғам. Сол кезде адамдар болды айтқан. Ол ауру таратады деген сияқты қорқыныштарын айтқан адамдар болды.

Қозыке Сатыбалды, ақпараттық қауіпсіздік маманы:

Жай қысқа толқынды пешіңіздің деңгейіндегі әсер. 5G орнатылған мұнарадан келетін. Сіздің организміңіз осыдан смартфондардан бөлінетін күйге дайын болмаған болса, қазіргі таңда сіздің денеңіз оған үйреніп кетті. Адамның денесі бейімделіп кетті..

Сонымен Starlink секілді озық технология шалғайдағы ауыл жұртын интернетпен қамтуға қауқарлы. Бірақ азаматтарға әзір рұқсат жоқ. Ал енді бір кісілер «белгісіз дерттен» шошып іргеге келіп тұрған интернеттен қашады. Ғаламдық тордың түйінін кім тарқатады? Әзірге даладағысының да, қаладағысының да өмірі сәтті нүкте іздеумен өте бермек...


Елдос Есенбол

Автор
Редакция
Бөлісу