Футболдан Еуропа чемпионаты: Доп додасына екі күн қалды
Кәрі құрлықтың басты доп додасына екі күн қалды. Жарыс қарсаңында жеңімпаздыққа үміткерлердің бірі Англия командасымен Британ тағының мұрагері кездесіп, спортшыларға тамақтану бойынша сыр-кеңесін айтты. Ал Германия спортшылар мен жанкүйерлерді қабылдауға толықтай әзір.
Баварияның оңүстігіндегі 26 мың тұрғыны бар Гармиш-Партенкирхен қаласы да футбол тойының көңіл-күйіне бөленіп жатыр. Мұнда Шотландия құрамасы тұрақтаған. Алғашқы ойында Германияға қарсы ойын өткізетініне қарамастан британдық командаға жергілікті тұрғындар жаттығу барысында қызу қолдау көрсетіп жатыр.
Микаел Симон, жанкүйер:
Әрине жарыстың басталуын асыға күтіп жүрміз. Германия құрамасы жақсы ойын өрнегін көрсетеді деп үміттенемін. Шотландық командаға да сәттілік тілейміз. Біздің қаладағы жайлы жағдай оларға көмектеседі деп үміттенеміз.
Ал Англия құрамасы кеше Германия жеріне келді. Сапар алдында футболшылармен Ханзада Уильям арнайы кездесті. Ол ас мәзірі бойынша ұлының кеңесін айта келді.
Ханзада Уильям:
Бүгін таңертең мектепте балалармен болдым. Ұлымнан Англия құрамасының ойыншыларымен кездескенде не айтуым керек деп сұраған едім. Ол футболшылар әдеттегіден екі есе көп тамақтану керек деп ақыл айтты. Әрине, бұл кеңеске қатты мән бермеңіздер.
Сонымен бірге еуродағы басты жұлдыздардың бірі Хәрри Кейнге арнайы жейде мен үздік сұрмерген жазуы бар кәдесый тарту етілді.
Стадиондар сақадай-сай. Алғашқы ойынды қабылдайтын «Альянц-аренаны» додаға дайындауға 31 елден келген 1600 ерікті атсалысқан. Ал аспаздар жергілікті тағамнан көпшілікке дәм татқызу үшін 3 мыңнан аса «брезель» атты тұз қосылған тоқаш әзірлемек.
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
