Абай облысында орманшылардың ерлігіне арналған ескерткіш ашылды
Ал Абай облысында болған ірі орман өртімен күресте қаза тапқан өрт сөндірушілер мен орманшылар ерлігіне арналып ескерткіш ашылды. Ол Бородулиха ауданы Михайловка ауылында бой көтерді. Ашылуына қатысқан жандар бұл - халқы мен қызметі алдында зор жауапкершілік арқалаған батырларға деген құрмет деп бағалады.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне орман өртінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің жақындары, мемлекеттік органдардың өкілдері және жергілікті жұртшылық қатысты. Жиналғандар батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев ескерткіш олардың батырлығы мен жанқиярлық ерлігіне деген шексіз құрмет екенін жеткізді.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
Қара орманды қадірлеп, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Қоладан жасалған ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев. Биіктігі 8 метр, гранит тұғырға орнатылған. Қаза тапқан орманшылардың бейнесі, ержүрек азаматтардың есімдері бар.
Арай Әмірханова, Саят Жүржігітовтің жары:
Үкімет тарапынан жасалған барлық көмекті алдық. Мың да бір алғыс. Міне, бүгін үлкен жолдың бойынан еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл да біздің батырларға арналған құрмет деп есептеймін.
Қазір «Семей орманы» резерваты арнайы техникалармен қамтылған. Материалдық жарақтандыру әлі де жалғасуда.
Әнуарбек Бермағамбетов, «Семей орманы» МОТР бас директорының м.а.:
2023 жылғы өрттен кейін мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қабылданды. Жол картасы бекітілді, оған сәйкес шамамен 60 млрд теңге бөлінді.
Ескерткіш Бородулиха ауданының республикалық тас жолында, Михайловка ауылының жанында орналасқан. Камышин орманшылығының жанынан өткен кезде бұл ескерткіш батылдықтың үлгісін көрсеткен азаматтарды еске салады.
Ғабит Ұзақбай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
