Бакуде Мемлекет басшысы бірнеше елдің президенттерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Бакуде Мемлекет басшысы бірнеше елдің президенттерімен кездесті

Бакуде Мемлекет басшысы бірнеше елдің президенттерімен кездесті

Бакуде өтіп жатқан Дүниежүзілік климат саммитінде Мемлекет басшысы бірнеше маңызды кездесу өткізді. Түрлі ел Президенттерімен екі жақты қарым-қатынасты және ықпалдастықты тереңдету тетіктерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен екі жақты қарым-қатынасты талқылады. Фармацевтика, өнеркәсіптік машина жасау және инженерия сияқты салаларда, бірлескен жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Финляндия президенттері бір-біріне сапармен баруға келісті.

Ал Гвинея-Бисау елінің президентімен кездесуі кезінде бұл ел географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, түрлі салада ықпалдастықты дамытуға мүмкіндік бар, - деді Президент. Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Қазақстан Кувейтпен де жан-жақты ынтымақтастық орнатуға бейіл. Осы елдің Тақ мұрагерімен кездесу кезінде Президент осылай деді. Қазір елімізде бірқатар Кувейт компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт Әмірі Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахты Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Мемлекет басшысы Руанда Президенті Поль Кагамемен де кездесті. Тараптар саяси және сауда-экономика салаларындағы екіжақты қарым-қатынастың даму перспективасын талқылады. Өз кезегінде Президент Поль Кагаме еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдің делегация басшыларымен әңгімелесті. Олардың ішінде Ұлыбритания Премьер-министрі, БАӘ, Молдова, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан Президенттері және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар бар. Кездесулер барысында әртүрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы, жаһандық климаттың күн тәртібі, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.


Темірлан Нұрсолтанов


Автор
Редакция
Бөлісу