Жыл қорытындысы: Мәдениет – елдің рухани байлығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жыл қорытындысы: Мәдениет – елдің рухани байлығы

Жыл қорытындысы: Мәдениет – елдің рухани байлығы

2024 жыл Қазақстанның мәдениет саласындағы айтулы оқиғаларымен, халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен есте қалды. Ел ішінде де бірқатар маңызды мәдени шара өтті. Киноөндіріс саласы да жемісті болып, биыл отандық 90 фильм прокатка шықты. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,5 есе көп. Мәдениет саласында тағы қандай жетістіктер бар? Халық жадында қалған айтулы оқиғаларды Алматылық әріптесім Айдана Қуантхан тарқатсын.

Әлемдік додаларда оза шапқан режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Халықаралық Шанхай және Мароккода өткен фестивальдерде үздік деп танылды. Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Оңтүстік Кореяда өткен Пусан кинофестивалінде Бас жүлде иеленді.

Ал «Еуразия» кинофестивалінің алып шаһарда өтуі де отандық кино өндірісіне тың серпін берді.

Әлімақын Жанболат, кинотанушы:

Екі бағытта жақсы дамып келе жатыр. Оның бірі - коммерциялық бағыттағы студиялардың өнімдері, екіншісі мемлекеттің қолдауындағы таза отандық, ұлттық өнімдер. Кассалық фильмдердің жанрлық түрленуі ерекше байқалады. Отбасылық комедиялардан бөлек, хоррор жанрдағы, тарихи жанрдағы фильмдер, деректі өте тамаша фильмдер көрерменге ұсынылып отыр.

Театр да жетістіктен кенде емес. Республикалық 14 мәдениет ошағында 200-ден аса жаңа спектакль қойылды. Сондай-ақ Фархат Молдағалидің «Құлагері» Қырғызстанда өткен фестивальде «Эргүу» ұлттық театр жүлдесін «Шетелдік үздік театр қойылымы» аталымында жеңіп алды.

Биылдан бастап Алматыда үш кітапхананың тәулік бойы жұмыс істей бастауы талғамы биік оқырман үшін ерекше тарту болды.

Аян Жолдасов, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының жетекшісі:

Сағат 12-ден кешкі 9-ға дейін біздің кітапханада қарбалас. Сол кезде орын тіпті, таппай қалатын жағдай болып жатады. Біздегі ең қолайлы дүние, көркем әдебиет, салалық кітаптар болсын барлығын үйіне апарып, оқып және қайтып әкеліп, өткізе алады. Енді ай сайын бізде 500-ден 700-ге дейін кітап айналымы оқырмандар алып кетеді және әкеліп өткізеді.

Осылайша қоғамда оқу мәдениеті орнығады. Төл өнер мен ұлттық руханияттағы жетістік, елеулі оқиғалар тізбектеле бермек.

Айдана Қуантхан


Автор
Редакция
Бөлісу