Түркістан облысы 23 адамға бүйрек трансплантациясы жасалды
Елімізде бүйрек, бауыр алмастыру оталары бұған дейін тек ірі мегаполистерде ғана жасалса, соңғы кезде облыс орталықтарында да жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында клиникалық аурухананың трансплантолог – дәрігерлері биыл 15 адамның бүйрегін алмастырды. Олардың арасында мәйіттік трансплантация да бар. Әрі мұндай оталар жергілікті тұрғындар үшін тегін жасалуда. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Бәйдібек ауданынан келген науқас Мейіржан Мәден алты жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен ауырады. Соңғы төрт айдың көлемінде гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Қанша емделсем де ем қонбады дейді жиырма жастағы жігіт. Үнемі қан қысымы жоғары болып, басы ауырады. Жүрегі айнып, әлсіздік болады. Тіпті жұмысқа да жарамай қалған.
Мейіржан МӘДЕН, пациент:
Бірінші топтағы мүгедек болған соң, ештеңеге жарамайсың. Бір қолымда фистула бар, онымен ештеңе істеуге болмайды. Қазір енді донор табылмай жатыр.
Қазір елімізде төрт мыңнан астам адам донор күтіп жүр. Олардың басым көпшілігін бүйрегі ауыратындар құрайды. Мәйіттік трансплантация дамымағандықтан, науқастарға туыстары бүйрегін беріп жатады. Мұндай күрделі оталар қазір Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жасалуда. Соңғы екі жылдан бері емдеу орталығында 23 адамның бүйрегі алмастырылды.
Әлайдар Айтуар, науқас:
Шетелде ең аз дегенде 20 млн болды. Оған біздің қалтамыз көтермеді. Сөйтіп өзімнің әпшем берді бір покасын. Ақша төлеген жоқпыз оған. Өкіметтің қаржысынан бәрі болды. Қазір жағдайым жақсы.
Дәрігерлер бүйрегін ауыстырған науқастарды да, донорларын да отадан кейін бақылауға алады. Әзірге жағдайы нашарлап, ауыр халге түскендері жоқ дейді. Мұның барлығы жылдар бойы жасалған еңбектің арқасы деп біледі. Әрі жергілікті мамандарға А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы қолғабыс еткен.
Жанболат Ділдәбеков, Түркістан облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:
Трансплантация мәселесі он жылдың көлемінде дамып келе жатыр біздің ауруханада. 2015 жылдан бастап біздің дәрігерлер шетел мемлекеттеріне, Беллоруси еліне, Оңтүстік Корея еліне барып, тәжірибесін алмасып, біліктіліктерін арттарып келе жатқан жағдайымыз бар.
Бүгінде өңірде 616 адам гемодиализ қабылдайтын болса, соның 400-ге жуығы бүйрек алмастыруды қажет етеді. Мамандар бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп отырғанын айтады. Әрі жастар арасында бүйрегі ауыратындар көбейіп бара жатқанына алаңдаулы.
Айнұр Әбілқасымқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
