Жыл қорытындысы: Білім саласындағы өзгерістер
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылған білім ошақтары 3 ауысымды мектептердің санын азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашты. Ал пайдалануға берілген мектептердің 40%-дан астамы ауылда. Білім саласы биыл тағы қандай жаңалықпен жылды қортындылады?
Серік Жұмабек, тілші:
Республика бойынша 11600 балабақша бар. Онда 1 млн-нан астам бүлдіршін тәрбиеленеді. Балабақша санының артуымен соңғы 5 жылда кезек 5 есеге азайған. Мысалы, 2016 жылы елде 2-ден 6 жасқа дейінгі 560 мың бала кезекте тұрса, қазір 106 мыңға дейін төмендеген.
Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры:
Жыл басынан бері 641 жаңадан балабақша ашылды. 77800 жаңадан орын ашылды. Ашылған 641 балабақшаның 32 ғана мемлекеттік балабақша, қалғаны 609 балабақша жекеменшік балабақша.
Орта білім инфрақұрлымының даму қарқыны да жоғары. Биыл елімізде 350-ге жуық мектептің құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы нәтижесінде 3 ауысымды мектептердің саны 1 пайызға дейін төмендеп, 100-ге жуығы ғана үш ауысымда сабақ береді.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
«Жайлы мектеп» мега жобасы аясында 217 мектептің құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Биылғы жылы осы мектептердің ішінде 112-сін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күнгі жағдайды алып қарасақ, 36 мектептің құрылысы аяқталып, онда балалар білім алуда.
Серік Жұмабек, тілші:
Мектеп оқулықтары 100% цифрлық форматқа көшірілді. Мектептерде 1345 заманауи кабинет ашу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін еліміздің 20 өңіріндегі 1072 мектеп заманауи кабинетнен жабдықталамақ. Білім беру ұйымдарының 90 пайыздан астамы сапалы интернетпен қамтылған.
Ал елдегі 772 колледждің 195-і нақты бағыттар бойынша маман дайындайды. Бүгінде 119 колледж өз кәсіпорынын ашып, өнім шығарып отыр. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы 79 пайызға жетіп, студенттердің степендиясы 32 мыңнан 43 мыңға өсті.
Санжар Тәтібеков, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамның президенті:
Биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 143 мың грант берілді. Былтырғы жылдан 10 мыңға көп. Сонымен қатар кәсіптік техникалық білім беру жүйесінде 8 мыңнан астам бағдарламамыз жасалып, жұмыс берушілермен бірігіп, белгілі бір реестрға енгізілді. Колледжімізде Дуалды оқыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, 91 мыңға жуық студенттерімз білім алып жатыр. 518 мыңға жуық кәсіпорын 410 колледжімізге қамқорлық жасап отыр.
Серік Жұмабек, тілші:
Биылғы оқу жылының басты жаңалығы - біртұтас тәрбие бағдарламасының енуі. Онда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап өткен 6 бірдей құндылық қамтылған. Жауаптылар осы жоба арқылы жаңа ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру бағытында үлкен нәтижелерге жетеміз деп үміттенеді.
Серік Жұмабек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
