Мәдениет саласындағы биылғы жетістіктер
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында атқарылған шаруалар қорытындыланып, алдағы міндет-жоспарлар айқындалып жатады. Осы орайда 2024 жыл еліміздің мәдениет саласы үшін табысты болғанын айта кету керек. Мұны отандық музыка, кино, театр салаларының мамандары жеткен бірқатар жетістіктер топтамасы растайды. Аида Ахметбек рет-ретімен..
Биылғы жыл қазақ музыкасы үшін сәтті жыл болды. Өнерпаздарымыз әлемді мойындатып келеді. Ел мақтанышы Димаш Құдайберген Венгрия аренасында әлемнің 77 елінен өз тыңдармандарын жинап, өнер көрсетті. Ал Будапеште әлем мойындаған опера әншісі Пласидо Домингомен бірге ән шырқады.
Адам атты лақап атымен танымал отандық әнші Фаррух Тохтамұратовтың «Жүрек» атты әні тыңдармандардың жүрегінен орын алды. Ол 5 млрд тыңдалым жинап, shazam-ның әлемдік рейтингтер топтамасында 13-ші орынға ие болды.
Кинода да ауыз толтырып айтатын дүниелер бар. Қазақтың бауырына салу дәстүрі негізінде әжесі тәрбиелеп өсірген баланың өмірі суреттелген, режиссер Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі Францияда арнайы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, «Тұлпар» ұлттық кино сыйлығының «Үздік фильм» номинациясын жеңіп алды.
Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» фильмі де Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальде бас жүлдеге ие болды. Киносыншылардың да арнайы марапатын алды. Фильмде баласын ұрлатып алған ананың ұлын табу жолындағы қылмыскерлермен арпалысы баяндалады.
Биыл елімізде өткен ең маңызды шаралардың бірі – күллі әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Жер-жаһанның 90-ға жуық мемлекетінен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпенді халықтардың төл спортынан сынға түсті. 97 медаль сарапқа салынды.
Сондай-ақ, Қазақстан алғаш рет әйгілі Франкфурт кітап жәрмеңкесіне қатысты. 500 жылдан астам тарихы бар, кітап индустриясы саласындағы ең ірі тарихи шаралардың бірі. Бұл шара кітаптар мен баспа нарығы үшін маңызды алаңға айналған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
