Қызылорда облысында бірқатар жаңа нысан ел игілігіне берілді
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық заманауи білім ордасының құрылысы аяқталды. Ал Сексеуіл кентінде шағын аурухана ашылса, Тоқабай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады.
Екі медициналық нысан пайдалануға берілді
Он бес мыңға жуық халқы бар Сексеуіл кентінің өзекті мәселесі ескі аурухана еді. Жаңа емдеу орнының құрылысы сонау 2019 жылы басталған. Содан бері созбалаңға салынып, жұртшылық ұзақ күткен медициналық нысан жаңа жылда пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ, Тоқабай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылып, шалғайда орналасқан бірнеше елдімекеннің тұрғындары енді осы жерде ем алатын болады.
Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Бұрын көптеген тұрғындар өзінің денсаулығы үшін алыс аудан орталықтарына, облыс орталықтарына үлкен қалаларға баратын болса қазір осы жоба аясында сол жерде тұрып, алыс-шалғай ауылда тұрып-ақ сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының игілігі
Арал қаласында алғашқы «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, есігін айқара ашты. Бір ауысымда 300 оқушы қабылдайтын білім ұясы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Ең бастысы мектеп жаңа мөлтек ауданнан салынды. Енді осы аумақтағы 500-ге жуық бала жайлы мектепте білім алады.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 12300 орынды құрайтын 21 мектеп облысымызда салыну жоспарланған. Қазіргі таңда 10 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы биылғы жылы 6 900 орынға арналған 10 жайлы мектеп пайдалануға берілетін болады.
Сексеуіл кенті мен Шижаға ауылына газ берілді
Сондай-ақ, Сексеуіл кенті мен Шижаға ауылына табиғи газ беріліп, тұрғындар қуанышқа кенелді. Жалпы теңізді өлкеде осымен 4 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, Арал қаласында 120 отбасы үйлі болып, қоныс тойын тойлады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
