Күрделі ота қазақстандықтар үшін қолжетімді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Күрделі ота қазақстандықтар үшін қолжетімді

Күрделі ота қазақстандықтар үшін қолжетімді

Елімізде жамбас және тізе буындары ауруына жылына 15 мыңнан астам адам шалдығады екен. Дегенмен эндопротездеу саласы бүгінде қарқынды дамып келеді. Өз елімізді былай қоғанда, өзге мемлекеттерден ем қабылдауға келетін науқастар көбейген. Мамандармен тілдескен тілшіміз тарқатсын.

40 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Ұлдаш Жүсіпова зейнетке шыға салып, «аяқ басып, жүруден қалдым» дейді. Енді, міне, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін операция жасатып, ертесінде-ақ адымдай бастаған.

Ұлдаш Жүсіпова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

10 жылдан бері осы екі тіземнен науқастанам. Көп жылдар бойы жатып қалдым, ешқайда жүре алмай, бара алмай. 5 қаңтарда жатқызып, 6-ы ота жасады. Ертесінде бірден орнымнан тұрдым, екінші күні бірден жүріп кеттім.

Астанадағы арнайы орталықта эндопротездеу бойынша жылына 900-ге жуық ота жасалады. Бір операцияның құны – 2 млн теңгеден асады. Оңалту шаралары үшін 380 мың теңге қажет. Ал қазақстандықтар МӘМС қаражаты есебінен осы мүмкіндіктерді тегін пайдалануға құқылы.

Эндопротездеу операциясына шетелдіктерден сұраныс көп

Ақниет Балтанова, тілші:

Міне, көріп отырғандарыңыздай, тағы бір операция жүріп жатыр. Эндопротездеу бөлімшесінде күніне дәл осындай он шақты ота жасалады екен. Роботтың көмегімен жасалатын операцияға сұраныс жоғары. Тіпті алыс-жақын шетелден келетін науқастар көп дейді мамандар.

Шетелдіктердің көп келуіне себеп көп. Біріншіден, жабдықтар жаңа, операция мен оңалту бағасы өзге елдермен салыстырғанда 3,5 есе арзан, ал дәрігерлер білікті, демек нәтиже сапалы.

Аблай Садықов, Н.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері:

Шет мемлекеттерден, ТМД елдерінен ем қабылдап жатқан науқастар бар, ақылы түрде. Қазіргі таңда 20 науқас осы көмекті алды. Жұмысымызды бағалап, ризашылығын білдіріп жатыр.

Отандық мамандары тәжірибе алмасу үшін жылына 4 рет мұхит асады. Өйткені саланың дамуы мен мамандардың біліктілігі басты назарда.

Ақниет Балтанова


Автор
Редакция
Бөлісу