Енді мобильді аударымның көлемі де ескеріледі
Елімізде картоптың бағасы шарықтап кетіп, Үкімет экспортқа шектеу қойды. Көрші елдер, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныс артып, экспорт 15 есеге өсіп, 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға жеткен.
Сөйтіп, ішкі нарықта картоп бағасы келісіне 170 теңгеден кей жерде 400 теңгеге дейін көтерілген. Үкіметтің хабрламасында «осыған байланысты басқа мемлекеттерге картоп экспортын 6 айға шектеу туралы шешім қабылданды» деген. Бірақ бұл шешім ЕАЭО елдеріне тарамайды. Үкімет «бұл бағыттағы экспортты да бақылауда ұстаймыз» депті.
Несие қарызы барлардың, алимент төлемей жүргендерің, салық бойынша борышкерлердің – әйтеуір тізім көп бізде. Енді жемқорлардың тізімі жарияланып тұрмақ. «Ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады» деген сот үкімі шыққандар туралы мәліметтер.
Тізімді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жасайды және ведомствоның сайтында жарияланады. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасында қаралған, жобаны Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Кейін сотта ақталып шықса, есімдері тізімнен жойылып отырады», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
«Тізім» деген көбінесе реңкі онша емес нәрсе. Баспана кезегінің өзі үздігіп күтетін дүние. «Шиндлер тізімі» деген кинодан басқасы. Жемқордың «қара тақтаның» алдына шығарылып, аузына сасық шүберек тыққан сияқты айдай әлемге жарияланатын тізімде жүргені дұрыс та шығар.
Бірақ бұл ілеуде бір кездесетін жағдай болмағандықтан және система жемқорлықтан тұрады деген пайым қалыптасқандықтан «қара тақта» өзекті емес сияқты көрінеді...
Осы тақырыппен қабысатын бір мәселе бар. Мобильді аударымдарды бақылауға байланысты кәсіпкерлер күрсінеді. Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдар санын ғана емес, олардың жалпы көлемін де ескеруді жоспарлап отыр.
Өлшемшарттың көлемі 255 мың теңге. Яғни бір айда 100 немесе одан көп тұлғадан мобильді аударымдар арқылы 255 мың теңге төлем жасалса, демек ол адам жасырын бизнеспен айналысады деген сөз дейді салық іздеушілер. Егер бизнеспен айналысып, табыс табатын адам кәсіпкер ретінде тіркелмесе, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заң бұзушы бір жыл ішінде қайта ұсталып қалса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке дейін өседі.
Мәжіліс депутаты А.Перуашев осы 255 мың теңгенің тым аз екенін айтады. Түркиядағыдай мобильді төлем қолма-қол төлегеннен қымбаттап, инфляцияның өсуіне ықпалдасуы мүмкін деген сарапшы сөзін келтіреді.
Сөйтіп Ресейде мониторингке ілінетіндердің түсімі күніне 30 аударымнан, ал көлемі айына біздің ақшамен 5,5 млн теңгеден асуы керек деген Перуашев, ең болмағанда 1 млн теңгеден асатын ақшаны қадағалаған дұрыс деп есептейді.
Иә, ұрлықтың үлкен-кішісі болмайды. Бірақ бейнелеп айтқанда, бір қап картоп ұрлаған сотталып, өмір бақи ұрлайтынға дым болмайтын жүйеде тізім жаса не, жасама не, бәрібір.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
