1 жыл ішінде жекеменшік мектептің саны 37-ге көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар 1 жыл ішінде жекеменшік мектептің саны 37-ге көбейді

1 жыл ішінде жекеменшік мектептің саны 37-ге көбейді

1 жыл ішінде жекеменшік мектептің саны 37-ге көбейді. Әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Жоғары сұраныстың себебі не? Тақырыпты тілшіміз Ақниет Балтанова тарқатсын.

Самат Жолмаханов – 7 баланың әкесі. Мектеп жасындағы төртеуі жекеменшік білім ордасына барады. «Бірінші баламды бергеннен-ақ нәтижесін көрдім. Сондықтан ойланбастан басқаларын да ақылы мектепке ауыстырдым» дейді ол.

Самат Жолмаханов, ата-ана:

Біріншіден, білім сапасы. Екіншіден, бала таңертең келіп, кешке дейін оқиды. Үй жұмысын жасайды, түрлі үйірме бар. Ұлттық құндылықты сіңіре отырып, таза қазақ тілінде білім береді. Бір-бірімен оқушылар қазақша сөйлеседі.

Көпбалы әкені қызықтырған тағы бір жайт – мұғалімдердің балалармен қарым-қатынасы. Әр сыныпта бала саны 20-дан аспайды. Яғни мұғалімде оқушыға жеке-жеке көңіл бөлуге мүмкіндік бар.

Ырысбек Мәуіт, жекеменшік мектептің негізін қалаушы:

Шетелде тәжірибе алмасуға 38 мұғалімді Сингапурға апарып келдік. Осы жағынан мұғалімдерге мотивация бере аламыз деп айта аламыз.

Сандарды сөйлетсек, елімізде 865 жекеменшік білім беру ұйымы бар. Былтырмен салыстырғанда тағы 37 мектеп тізімге енді. Яғни жеке оқу ордаларына сұраныс 5%-ға артқан. Жұмысы қауырт ата-аналар амалсыздан осындай таңдау жасап жатыр дейді мамандар. Сондықтан мемлекеттік мектептер де «ұзартылған күн» қызметін ұсынуды бастапты.

Мемлекеттік мектептер заман талабына сай бейімделіп келеді

Гүлназ Мылтықбайқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің бас сарапшысы:

Қазақстанда мемлекеттік мектептерде балаларды таңертеңнен кешке дейін қалдыру мүмкіндігі кейбір мектептерде «ұзартылған күн» немесе қосымша білім беру бағдарламалары арқылы ұсынылады. Дегенмен, бұл қызмет барлық мектептерде бірдей қолжетімді емес. Оның бар болуы мектептің мүмкіндіктеріне, көлеміне, педагогикалық құрамына және қаржылық жағдайына байланысты.

Десе де алдағы уақытта «ұзартылған күн» қызметін көбейту жоспары бар. Осылайша жұмысбасты ата-аналарға жайлы жағдай жасалмақ.

Данагүл Смақова, БМСО сарапшысы:

Баланың ең маңызды жасы – бастауыш білім алатын жасы. Жас ерекшелігі, физиологиялық ерекшелігіна қарай баланың тұрақтануы, әлеуметтенуі, ортаға енуі, өзін-өзі тануы, міне, осы жерде баланы үйрететін сол бастауыштың мұғалімі. Бауырларым да, балам да жай мектепте оқып шықты. Біз мұғалім таңдап барамыз. Мықты мұғалім таңдаймыз.

Мектептер заманға бейімделіп, оқушылар уақытын өнімді өткізді десек те, ескеру керек қағида бар. «Ата-ана-оқушы-мұғалім» - осы үштік ұйыған тұста ғана сапа сақталады.

Ақниет Балтанова


Автор
Редакция
Бөлісу