Қазақ жастары Финляндияның озық тәжірибесін игеруде
«Қазақстан деген брендті әлемге таныту шетелдегі жастардың маңызды миссиясының бірі». Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында осылай деген болатын. Финляндияда білім алып, қазір сонда жұмыс істеп жатқан қазақ жастары елдің дамуына қомақты үлес қосуға дайын. Финдік технологияны игеріп, жат жерде Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген жастармен тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.
Бұл әлемдік рейтингтегі үздік оқу орындарының бірі - Финляндияның Аалто университеті. Нобель сыйлығының лауреаттары білім алған оқу ордасында отандасымыз Мадина Мұратова іргелі зерттеу жүргізіп жүр. 2019 жылы осы университеттің грантын ұтып, бакалавриатқа қабылданған. Артынша химиялық инженерия бағытында магистратураны тәмәмдап, сонан бері осында ғылыми қызметкер. Биоматериалдарды дамытып, олардан тұрмысқа қажетті бұйым шығаруды зерттейді.
Мадина Мұратова, Финляндияның Аалто университетінің ғылыми қызметкері:
Менің зерттеулерім лигнинге байланысты. Бұл ағаштың ішінде желім сияқты функцияны атқарады. Ал бұл ағаштан таза өнім арқылы осындай киім-кешек жасауға қолданылады.
Жайықтың жағасында дүниеге келген Еділ Хельсинкидегі Metso компаниясының белді қызметкері. Metso - пайдалы қазбалар мен металдарды қазу, өндіруге қажетті қызметтер мен технологиялар ұсынудан әлемде көшбасшы. Фин, ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгерген Еділге компания басшылығы Азия, Еуропа елдерімен экономикалық қатынасты күшейтуді сеніп тапсырған. Жерлесіміз Қазақстандағы металлургиялық зауыттарға финнің озық технологиясын, инновациясын енгізуге мұрындық болып жүр.
Еділ Дәулетияров, Metso компаниясының технологиялық сату бөлімінің менеджері:
Энергияны аз қолдану, суды аз қолдану бағытындағы дамытылған технологиялар финдік, сол технологияларды қолдану арқылы Қазақстанның металл өңдеу зауыттарында табиғатты қорғау бағытындағы мақсаттарымызға жете аламыз.
Оралдың қос тумасы болашақта отанға оралып, бар жиған-тергендерімен бөлісуден үмітті.
Мадина Мұратова, Финляндияның Аалто университетінің ғылыми қызметкері:
Қазақстанға оралғанда орман шаруашылығын арттыруға Финляндияда үйренгенімді зерттеу деңгейінде, не болмаса өндіріс деңгейінде алып келіп, сол жақта әрі қарай дамытуға дайынмын.
Еділ Дәулетияров, Metso компаниясының технологиялық сату бөлімінің менеджері:
Мақсатым - Финляндияның су тазалау, қоқыстарды тазалау немесе таза технологияларын металлургия саласында дамыту. Біздің Қазақстан да тұрақты дамуға үлес қосса екен деймін.
Қазақстандық зертханалар әлемдік зертханалармен ынтымақты күшейтіп, елдегі өндіріс орындарына инновациялық технология көптеп енгізілсе дейді жастар. Өздері де соған күш салмақ.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
