Екі мыңнан астам жұмысшы баспаналы болады
Биыл 2500-ге жуық жұмысшы баспаналы болады. Елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Оған сай техникалық мамандарға 72 млрд теңге несие берілмек. Ипотеканың шарттары мен мерзімі қандай? Оған нақты кімдер қатыса алады? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Мақсат Өтенов «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының іске қосылғанын ести сала банкке келген. Мақсаты – мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, баспаналы болу. Көліктерлі жөндеп, темір тұлпарларға жан бітіретін механик жалдамалы пәтер жағалаудан шаршағанын айтады. Биыл қоныс тойын тойлап, үш баласы мен әйелін қуантуды қалайды.
Мақсат Өтенов, қала тұрғыны:
Арман көп, барынша жақсысын алғың келеді үйдің. Оңай болған жоқ осынша жыл істедік мүмкіндік болмады. Енді ақырындап шотымызды ашып, осы бағдарламаға құяйық деп ниеттеніп келіп отырмыз.
Биыл Мақсат сияқты 2440 азаматқа несие берілмек. Ол үшін 72 млрд теңге қарастырылған.
Дария Батенова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары:
Бұл өздеріңізге белгілі «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі. Техникалық мамандарға, өнеркәсіп, өндіріс, энергетика, су, ауыл шаруашылығы, көлікте жұмыс істейтін мамандарға беріледі. Бұның талаптарына келетін болсақ, талаптары «Наурыз» бағдарламасының талаптарымен бірдей болып келеді.
Ипотеканың нақты талаптары мен шарттары мынадай: әрленген тұрғын үйге бастапқы жарна – 10%, ал әрленбеген үйге – 20%. Несиелеу мөлшерлемесі азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7%, ал қалған санаттар үшін 9%. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.
Мақсат 2 бөлмелі пәтер алғысы келеді. Қазір Астанада екі бөлменің құны шамамен 20 млн теңге. Демек кейіпкеріміз бастапқы жарна ретінде 2 млн теңге құйса болғаны. Бұл – қарапайым жұмысшыларға үлкен мүмкіндік. Айта кету керек, өтінімдер 17 наурыздан бастап қабылданады.
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы