Шымкентте медициналық туризм өрістеп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Шымкентте медициналық туризм өрістеп келеді

Шымкентте медициналық туризм өрістеп келеді

Мегаполиске былтыр 100-ден аса адам ем іздеп келген. Дертіне шипа тапқандардың дені - Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Германия мен Швейцария азаматтары. Санжар - Тәжікстаннан Шымкентке білім іздеп келген студент. Соңғы кездері үнемі бас аурудан мезі болған бозбала өз елінде медициналық тексерістен өткен. Диагнозды дұрыстап қоя алмаған соң Түркияға да ем іздеп барған. Алайда түрік дәрігерлері мидагы ісікке операция жасауға тәуекел етпепті. Осы сәтте ғаламтордан шымкенттік медицинаның жетістігін оқып білген отбасы перзенттеріне мегаполисте операция жасауға келісім беріпті. Мидың самай тұсындағы сөйлеу, ойлау қабілетіне жауапты бөлігіне жасалған операция бес жарым сағатқа созылған.

Муаттар Шарипова, науқастың анасы:

Ұлымның операциядан шыққанына бүгін екінші күн. Жағдайы жақсарып келеді. Қазір тілге келіп, аяққа да тұрды. Ас-ауқатын да өзі ішетін жағдайға жетті. Дәрігерлерге алғысым шесіз.

Шымкентте кейінгі жылдары күрделі әрі ауыр операция көп жасалып жүр. Дәрігерлердің ағзаға трансплантация істей бастағанына 10 жылдан асты. Осы мерзім ішінде бүйрекке жасалған 200-ден астам отаның 95 пайызы сәтті аяқталып, науқастардың өмірі ұзарған. Нейрохирургиялық, кардиологиялық, травма-ортопедиялық және қатерлі ісіктерді алып тастайтын жоғары технологиялық оталар шетелдік мамандардың көмегінсіз-ақ жасалып жатыр. Ағза алмастырудың қыр сырын меңгеру үшін дәрігерлер Оңтүстік Корея, Ресей және Белорусьте білім жетілдірді.

Бақытжан Пазылов, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері:

260-тан астам науқасқа бүйрек ауыстыру операциясы сәтті аяқталған. Бауыр ауыстыру - бізде бұл операция жасалмайтын еді. Олар тек Түркияда, Ресейде жасалатын. Қазір өзімізде жасап жатырмыз. 60-70 миллион теңге болатын операциялар тегін жасалып жатыр.

Ғани Қалмаханов


Автор
Редакция
Бөлісу