Астанада 21 жастағы геймер пышақтап тастаған туыстары ауруханадан шықты
Астанада 21 жастағы геймер пышақтап тастаған туыстары ауруханадан шықты. Ал күдіктіге қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Бүгінде елімізде ойынқұмарларды емдейтін орталықтар көбейген. Өкініштісі - қанды ойындардың тұтқынына айналғандар арасында жастар да, кәрілер де бар. Офлайнды онлайнға айырбастағандармен күрес қалай жүріп жатыр? Геймерлерді емдейтін аддиктологтар не дейді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес біліп келді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұл жастар арасында өте танымал ойындардың бірі. Ойынға қатысушылар әскерилер мен лаңкестер болып екі командаға бөлінеді. Бірінің мақсаты тұтқында отырғандарды босату болса, екінші жақ оларды тұсап ұстауға тырысады. Бірақ, жалпы картина атыс-шабыс пен қанды қырғыннан тұрады.
Осындай ойындарға құмартып, бар уақытын виртуалды әлемге сарп ететіндер көбейген. Сөзімізге айқын дәлел - міне. Сағат кешкі 18:00 болмай, ойын клубы лық толы.
Наталья Камолова, ойын клубының әкімшісі:
Адамдар түстен бастап келеді. Олар 4-5 сағат немесе бір тәулікке дейін тамжылмай ойнайды. Келушілердің арасында мектеп жасындағы балалардан бастап, жасы 60-дан асқан ағаларға дейін бар. Клиенттер көбеймесе, азайған емес.
Солардың бірі - Ақылжан. Қайда барса да, телефонға телміріп, компьютерден бас көтермейтін жігіт үшін виртуалды әлем жаны жай табатын орта. Құмартқаны сонша ол ойынға ай сайын қаражат құяды екен.
Ақылжан, қала тұрғыны:
Мен өмірде өзімді таба алмаймын. Мен өзімді сол ойынның ішінде таба аламын. Онда бәрі мені құрметтейді. Мен бұл ойынға екі жүз мыңдап, үш жүз мыңдап ақша салып, бірнеше пышақ, автомат сияқты қару-жарақ алып, мен сонда отряд басқардым.
Салдарынан кейіпкеріміз өзімен қоймай, ата-анасын да қарыздың шұңқырына батырғанын айтып күрсінді. Қазір таныс-біліс, туыс-тамырмен араласудан қалған. Онлайндағы сол ойынның офлайн өмірді бұзатыны сонша кейбіреулер қанды қылмысқа барып жатады. Соның дәлелі Астанада 18 қаңтарда болған қайғылы жағдай. Туыстарының телефонды алып алғанынана ашуланған 21 жастағы жігіт түн ортасында төрт адамды пышақтап тастады. Өкінішке қарай, біреуі қаза тапты.
Тастемір Сүлейменов, аддиктолог:
Соңғы жылдарға дейін қоғам ойынқұмарлықты ауру қатарына жатқызбай келді. Бірақ ол қазір нашақорлық, маскүнемдік сынды індеттерді басып озды. Қазіргі жастардың әр үшіншісі ойын ойнайды. Өйткені телефон әрдайым жанында, қолжетімді. Сондықтан бұл дертпен кешенді түрде күресу керек.
Психологтардың айтуынша, баланы жастайынан тәрбиелеу маңызды.
Сәрікгүл Сәли, психолог:
Бұл ата-аналар телефоннан, гаджеттардан жеңіліп отыр. Гаджеттан жеңілді деген сөз ол баланың отбасы, ошақ қасы телефон, телефонның ішіндегі ойын болып кетеді. Ата-ана өзін өзі дамытып, гаджеттермен бәсекелес бола алмайды екен осылай ұтылып отырады.
Ойынға деген әуестік адамды моральдік жағынан тоздырып қана қоймай, денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан бүгінде елімізде ойынқұмарларды емдейтін орталықтар көбейген. Дегенмен бір айлық емдеу құны 500 мың теңгеден миллионға дейін жетеді. Сосын геймерлерді оңалту өте ұзақ процесс. Одан біреу айығады, ал кейбіреулер өмірінің соңына дейін виртуалды ләззаттың жетегінде кетеді.
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы