Шымкентте өзбек жігіті қазақтың зергерлік өнерін жалғастырып келеді
Қолөнер – ұлттың болмысы. Тарихы мен бүгіні. Шымкент қаласында тұратын Икрамжан Рафиков қазақтың зергерлік өнерін атасынан мирас етіп, жалғастырып келеді. Шебер әсіресе сақ дәуіріндегі және 18-19 ғасырда жасалған әшкей бұйымдарды бүгінгі заманға сай үндестіріп, көпшілікке дәріптеп жүр.
Икрамжан зергерлік бұйымдардағы әрбір ою-өрнектің сәнді де нақышты көрінуімен бірге оған мағына беруге де барын салады. Ондағы детальдарды тарихи кезең, ұлттық құндылық және салт-дәстүрмен сабақтастырады. Мұндайда қолданыстан шығып қалған кейбір ұлттық бұйымдардың өзі бүгінгі күнге сай сәнді де, жарасымды дүние боп шыға келеді.
Икрамжан Рафиков, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі:
Біздің жасап жатқан заттарымыз жүзік, сырға, білезік, белдік, алқа. Оның әрбірінің мағынасы бар. Әшейін тағыншақ емес, композияциялық дүниелер.
Өнерлі отбасында дүниеге келген Икрамжанның зергерлік өнерге қызығушылығын әкесі оятқан. Электромеханик мамандығын игеріп шыққанымен әшекей бұйымдарды жасауды қазақ шеберлерінің қасында жүріп үйреніпті. Шығармашылыққа жаны құмар өзбек жігіті қазақ драма театрында да өзіндік қолтаңбасын қалдырған шебер.
Қалтөре Жұмақұлов, театр суретшісі:
Әсіресе біздің ұлттық спектакльдерімізге «Қаракөз», Абылай ханымыз» бар. Мына Бекежанның заттары, Төлегеннің бас киімі, асатаяғымыз біздің, батырларымыздың қылышы осының бәрі сол жігіттің қолынан шыққан. Өте ыждағаттылықпен, ізденімпаздықпен жұмыс істеді.
Соның арқасында шеберді бүгінде ел аумағындағы және халықаралық деңгейдегі көрмелерге жиі шақырады. Оның қолынан шыққан дүниелеріне қызығатындар да көп. Бұл ұлттық өнердің сырына қанығып, көшпелі халықтың ежелгі тұрмысы мен өнері туралы жалықпай оқыған ізденістерімнің жемісі дейді ол.
Икрамжан Рафиков, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі:
Мынаны жасау үшін тарихты білу керек. Әр оюдың өз мағынасы бар. Осы өнермен бабаларымыздан бастап, Қазақстанның тарихын білдік. Және оны сақтауға да үлес қосып жатырмыз.
Қазақ қызымен шаңырақ көтерген шебер 4 перзент өсіріп отыр. Икрамжан талай жыл көз майымды тауысып істеген бұл еңбегім келешекте тарихи өлкетану мұражайынан орын алса дейді.
Ғани Қалмаханов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
