Елімізде бала өлімі 6,7 пайызға азайды
Елімізде бала өлімі 6,7%-ға азайды. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне патронажды медбикелердің де үлесі бар. Үй-үйді аралап, халыққа қызмет көрсететін мамандардың қауырт жұмысы жайлы тілшіміздің бейнематериалында.
Жанна Сәрсембаева мен Ақмарал Мәмірәлі патронажды медбике қызметінде талай жылдан бері қызмет етіп жүрген білікті мамандар. Олар аязға да, дауылға да қарамастан күніне кемі 4-5 үйді аралайды. Жақын жерге жаяулатып, алыс болса, қоғамдық көлікпен сағаттап жетеді.
Жанна Сәрсембаева, патронажды медбике қызметін үйлестіруші:
Біздің міндетіміз ол – қауіп-қатер факторларын жою немесе оны азайту. Біз медициналық, әлеуметтік және психологиялық қауіп-қатер факторлары болса, солармен жұмыс атқарамыз.
Екі жасар Әминаның анасы мейірбикелерге дән риза. Себебі, туғалы мазасыз сәбиін қаншама дәрігерге қаратып, талай есік тоздырған. Сенімге селкеу түскен тұста үйіне ембике келіп, баланың жайын бақылап, дәрігерлермен консилиум өткізген. Нәтижесінде, емхана мамандары ана мен баланы жіті қадағалауға кірісті.
Мәншүк Мағжанова, ата-ана:
Келген сайын тамақтануын, дамуын, бәрін байқайды. Кеңес беріп, қандай ойыншық алу керек, қандай кітап көрсету керек бәрін айтып кетеді.
Астана қаласы бойынша 48 медициналық мекемеде 700-ден аса патронажды медбике жұмыс істейді. Мамандардың біліктілігін үздіксіз арттыру үшін арнайы кураторлар бекітілген.
Гүлжанат Аққозиева, әмбебап прогрессивті моделі бағдарламасының кураторы:
3 айда бір рет сол мамандардың тәжірибе жүзінде осы жұмысты қалай атқарып жатыр, әрбір ембикелермен, медбикелермен бірге үйге барып, сол дағдыларды дұрыс жасап жатыр ма, қауіп факторларын дұрыс анықтап жатыр ма, осыған бағыт-бағдар, баға беріп отырамыз.
Әминаның жағдайы бір ғана мысал. Дәл осындай қаншама науқас үй жағдайында медициналық қызмет алуға мұқтаж. Үздіксіз тексеріс пен уақтылы медициналық көмек елімізде бала өлімін 6,7%-ға азайтты. Бұл көрсеткіш патронажды медбикелердің тұрғындарға ауадай қажет екенінің дәлелі.
Ақниет Балтанова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
