Аутизт балаларды ортаға бейімдеудің әлегі
Елімізде аутизм белгілері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мен абилитацияны жүзеге асыруда шешілмеген мәселелер жетерлік. Олардың ең өзектісі – кадр тапшылығы. Ақмола облысында эмоционалды ерік-жігері бұзылған 800-ден аса аутист бала тіркелген. Бүгінде олардың тек 150-нің ғана білім алу мүмкіндігі бар.
Ержігіт Қауқаровтың педагог-ассистент ретінде мектепте жұмыс істеп жүргеніне бір-ақ жыл болды. Аутист баламен жұмыс – үлкен жауапкершілікті қажет ететінін ол жақсы түсінеді. Сондықтан адаптивті дене шынықтыру әдісі бойынша білімін бір емес, бірнеше рет жетілдіріп келді.
Ержігіт Қауқаров, педагог-ассистент:
Сенсорлық интеграция жаттығуларының негізінде - қимыл-қозғалыс белсенділігі жатыр. Дене қимылынсыз сөйлеуді айтпағанда, өзге де қосалқы дағдыларды дамыту мүмкін емес. Сондықтан біз ата-аналармен тығыз жұмыс істеуге тырысамыз.
Аутистердің арасында сөйлеу қабілеті бұзылғандары да, керісінше таңдайы тақылдап тұрғандары да бар. Сондықтан мұндай балалармен неғұрлым ерте жұмыс істеп, әлеуметтендіру керек, дейді мамандар.
Мархабат Ахметова, педагог-ассистент:
Біз АВА - терапиясын қолданамыз. Енисеевтің әдістемелік нұсқаулығымен жұмыс істейміз. Біздің негізгі жұмысымыздың міндеті, бағыты бұл балалардың сөйлеу дағдыларын жақсарту және жағымсыз қылықтарын түзету, азайту және әлеуметтік ортаға бейімдеу.
2019 жылдан бері облыс мектептерінде инклюзия сыныптары көптеп ашыла бастады. Қазір өңірдегі 18 мектепте 79 арнайы сынып бар. Онда 527 бала оқиды. Ал Көкшетаудағы №4 мектепте 30 аутист бала білім алуда.
Ботагөз Дүйсенова, Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Бізде психологтер, дефектологтер, тифлопедагогтер облысымызда жеткілікті деп айта алмаймын. Кейбір аудандарда осы мамандар жетпейді. Сондықтан дефектологтерге арнайы грант береміз.
Өңірде ерекше балаларға арналған адаптивті дене-шынықтыру орталықтары жоқтың қасы. Арнайы түзету балабақшалары саусақпен санарлық, ал мектептерде сенсорлық терапия кабинеттері жетіспейді.
14 жасар Батырханның анасы баласының мектеп бітіргеннен кейін әлеуметтік ортадан мүлдем қол үзіп қалуынан алаңдайды. Сондықтан «Ерекше өмір» абилитациялық орталықтың жұмысын енді жаңа бағытта дамытуды жоспарлап отыр.
Гүлжайна Боранова, «Ерекше өмір» абилитациялық орталықтың негізін қалаушы:
9-сыныптан шыққан соң, балаларға өздеріне болашақта мамандық таңдауына үйірмелер ашуды көздеп, сол мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.
Ерекше балалардың ата-анасы, өзекті мәселені кәсіпкерлік жолмен шешуге тырысатыны тәнті етеді. Гүлжайна Боранова «Ерекше өмір» орталығында енді баласын бір мамандыққа машықтауды көздейді.
Бибінұр Әмірханқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
