Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала себептері жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала себептері жарияланды

Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала себептері жарияланды

Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағы оң қанатымен жерге құлаған сәтте-ақ 3-4 бөлікке бөлініп кеткен. Көлік министрлігі 25 желтоқсанда болған Azerbaijan Airlines ұшағының апатына қатысты тергеудің алдын ала нәтижелерінде осыны көрсеткен.

Фюзеляждың орталық және алдыңғы бөліктері, ұшқыш кабинасының төменгі бөлігі және оң қанаты толық өртеніп кеткен. Ұшқыш кабинасының үстіңгі бөлігі төменгі бөліктен ажырап, оның үстіндегі аспаптар панелі, екі ауа терезесі және бір бүйірдегі терезе сақталған. Фюзеляждың артқы бөлігі негізгі бөлігінен алысқа ажырап кеткен. Шасси апат орнында шашырап кеткен, сол қанат тірегішінің үстіңгі бөлігі сол қанаттың үстіне шығып кеткен. Оң жақ қозғалтқыш бірнеше ірі және кіші бөлшектерге бөлініп кеткен. Сол қозғалтқыш да зақымданған.

Есепте комиссия әуе кемесінің конструкцияларының зақымдануына егжей-тегжейлі тексеру жүргізуді әлі жалғастыратынын жазған. Сондай-ақ, медициналық және патологиялық зерттеулер аяқталған жоқ деп көрсеткен. Қаңтар айының басында Көлік министрлігі апатқа қатысты тергеуді 12 ай ішінде аяқтау жоспарланғанын айтқан еді.

Нұрсұлтан Тілектес

Автор
Редакция
Бөлісу