Түркістан қаласында реставраторларды оқыту ұсынылды
Түркістан қаласында реставраторларды оқыту ұсынылды. Мәдениет және ақпарат министрінің бұл бастамасы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің екінші отырысында айтылды. Кеңеске ұйымға мүше елдердің Мәдениет министрлері қатысты. Бас қосқандар Түркі мемлекеттері басшылары бекіткен стратегиялық құжаттар негізінде атқарылатын жұмыстарды талқылап, болашақ бағдарын қарады. Жиын түркі елдерінің мәдени ынтымақтастығын дамытуда маңызды қадам болып, халықаралық жобаларға тың серпін береді дейді қатысушылар.
Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі:
Ежелгі ескерткіштер мен артефактілердің жағдайына уақыт, климаттың өзгеруі, өкінішке қарай, антропогендік фактор әсер етуде. Сондықтан мұндай нысандарды консервациялау және реставрациялау саласында білікті мамандарға қажеттілік өсуде. Осы айтылғандарды ескере отырып, біз Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын іске асыру бастамасын ұсынамыз. Семинар әртүрлі елдердің реставраторлары арасында тәжірибе алмасу алаңына айналып, болашақта бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.
Шара аясында «Диуани луғат әт-түрк» сөздігінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылуы болды. Онда жазушы шығармашылығының өмірі мен маңыздылығын көрсететін жәдігерлер ұсынылды. Сондай-ақ түркілердің XI ғасырдағы киім үлгісі көрсетілді. Айта кетейік, «Диуани лұғат ат-түрк» түркі жазуының «Орхон ескерткіштерінен» кейінгі екінші маңызды ескерткіш деп саналады.
Серік Жұмабек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
