Ауыл туризмін дамытуға арнайы бағдарлама қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Ауыл туризмін дамытуға арнайы бағдарлама қажет

Ауыл туризмін дамытуға арнайы бағдарлама қажет

Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылы өткен жылдың қорытындысымен Қазақстандағы үздік туристік ауыл деп танылды. Жоңғар Алатауының бөктерінде, Лепсі өзенінің жағасында орналасқан елдімекен расында да тұмса табиғатымен ерекшеленеді. Бұл жерде жылдың төрт мезгілінде де туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Алайда ірі инвестиция тартып, саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жоқтың қасы. Ал ауыл тұрғындары болса туристерді өз үйлерінде қарсы алып, қолда бар мүмкіндіктерімен қызмет көрсетуде.

Камилла Вишнякова мамандығы бойынша химия пәнінің мұғалімі. Ұстаздық ете жүріп, туған жерінде туризмді дамытуға да көңіл бөліп келеді. Ауылдағы үйін қонақ қарсы алатындай етіп ыңғайлап, қажетті заттармен толықтырған. Бір мезетте 10-12 адамды орналастыра алады. Агро және эко туризмді өркендету үшін түрлі гранттар мен жеңілдетілген несие алуға ниеті зор.

Камилла Вишнякова, ауыл тұрғыны:

Келетін қонақтарға қараймын. Оларға не керек деп. Оларға көшпенділердің өмірі қызықты. Менде қазір бір киіз үйім бар. Тағы екі-үш киіз үй салғаным үшін маған 2-3 млн керек. 2,5 пайызбен кредит алуға құжатарды тапсырдым. Бірақ та ақшаны ала алмай жүрмін.

Бойжеткен туристерге бірнеше бағыт бойынша саяхат жасатып, қыста атпен, ат шанамен серуендер ұйымдастырады. Ал жазда Жетісудың бір маржаны саналатын Жасылкөлге де апарып келеді. Ауылдың бұл бағытта әлеуеті өте зор дейді, Лепсіге жолы түскен ағайын.

Айбек Құттыбек, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Қыста мәселен тау шаңғысын дамытса, және үлкен санаторийлар салынса деймін. Бұл жерде енді шетелден, республикадан келетін туристер өте көп қой. Соларға тек қана жағдай жасалса дейміз. Осы арқылы облыстың экономикалық әлеуетін де біршама көтеретін еді.

Мүмкіндік мол болғанымен жергілікті биліктің қолы қысқа. Инвестиция тартуға, кешенді жоспар құрып жаңа жобалар ұсынуға ниетті ешкім жоқ.

Берік Әукенов, Лепсі ауылдық округінің әкімі:

Әзірге үлкен ірі жобалар жоқ. Қазір енді шағын жұмыстар бойынша атқарып жатырмыз. Алдағы уақытта үлкен жобаларға қадам баса аламыз деп айта аламын.

Туристік бағыттар мен нысандар Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің Лепсі филиалы аумағында да жеткілікті. Алайда ерекше қорғалатын аумақтарда ауқымды инвестиция тартуға уақытша шектеулер қойылған.

Қуаныш Қанатұлы


Автор
Редакция
Бөлісу