Д.Трамп пен В.Путин телефон арқылы сөйлесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Д.Трамп пен В.Путин телефон арқылы сөйлесті

Д.Трамп пен В.Путин телефон арқылы сөйлесті

АҚШ президенті Д.Трамп Ресей президенті В.Путинмен телефонмен сөйлескенін The New York Post-қа хабарлаған. Қанша рет сөйлестіңіздер?- деген сауалға «айтпағаным дұрыс» деген. «Ол адам өлімін тоқтатуды қалайды» деп қосқан.

Д.Трамп «Жап-жас, әдемі адамдар өлді. Олар өзіңнің балаң сияқты. Екі миллион адам себепсіз өлді» деген. Сонымен бірге Ресейді Украинаға ашқан соғысын тоқтату туралы жоспары барын да қайталаған. Алайда тағы да нақты ештеңе айтпаған. «Тез тоқтайды деп үміттенемін... Украинадағы соғыс сондай сұмдық. Мен осы қарғыс атқыр жанжалды тоқтатқым келеді» деген. Дегенмен әзірге жағдай Э.М.Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романының атауы сияқты болып тұр.

Айтпақшы келесі аптада дәстүрлі Мюнхен конференциясы өтеді. В.Путиннің Батысқа талабын, бір полярлық әлем туралы «ренішін» 2007 жылы дәл сол Мюнхен конференциясында жариялағаны мәлім.

Д.Трамп тек осы Ресейдің агрессиялық соғысын қалай тоқтататыны жайлы анық ештеңе айтпай отыр. Әйтпесе түрлі мәлімдеме жасап, түрлі қаулыға қол қойып жатыр. Илон Маск екеуінің басы артық шығындарды қысқарту жоспары аясында бүкіл мемлекеттік аппараттың «шегелерін суырып» жатқаны бөлек әңгіме. Соттасу басталып та кетті.

Ал «Газа секторының тұрғындарын басқа араб мемлекеттеріне көшіріп жіберу керек, сөйтіп анклавты АҚШ басқаруына алып, «Таяу шығыстың ривьерасын» салады» деген мәлімдемесі... Жалпы Трамптың жазбалары кейде мазаққа ұқсап кетеді.

«АҚШ әлемдегі ғажап девелопер командалармен ынтымақтаса отырып, ақырын және абайлап Жердегі ең үздік және таңғалдыратын жобаларды салып бастайды... Аймақта тұрақтылық орнайды!» деген жазбадан идеалистің қиялын ғана көресің... Әлде өзі девелопер болған соң осылай ойлай ма?

Бұл әрине көп елдің шамына тиді. Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «палестиндіктерді көшіру уақытша» деп ақталды. Алайда Трамптың «уақытша» деп тұрмағанын байқау түк қиын емес.

Газа секторы 2 млн адам тұратын, ұзындығы 41, ені 10 шақырымға созылатын, Израиль және Египетпен шекараласатын, Жерорта теңізінің жағасындағы аймақ. 2007 жылдан бері де-факто ХАМАС ұйымы басқарады. Яғни Палестинаны екі ұйым басқарады – Иордан өзенінің батыс жағасын ФАТХ, ал Газа секторын ХАМАС.

2023 жылы 7 қазанда ХАМАС содырлары Израильге кіріп, 1200 адамды ажал құштырып, 250 тұтқын алып кеткесін, Израиьлдің Газаны 15 ай атқылағанын білеміз. 47 мыңнан аса адам қаза тапты. Көбі әйелдер мен балалар.

Қазір Газаның айтарлықтай бөлігін Израиль бақылап отыр.


Автор
Редакция
Бөлісу