Шорт-тректегі тұңғыш алтынды жеңіп алған спортшылар
Шорт-тректен тарихи алтынды қоржынға салған спортшылардың сапында оралдық оғыландар да бар. Жеңісті қолдан жұлып алған Әділ Ғалиахметов пен Абзал Әжіғалиев - жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері. Әріптесім Ардақ Мұратқызы алтын алқалы ұлдардың ата-анасы, бапкерлерімен тілдесіп, құттықтап қайтты.
Бұл тарихи сәтті Әділдің ата-анасы көп күтті. Ғалиахметов 5 мың метр эстафетаның соңғы екі айналымын өзі жүгіріп өтті. Сөйтіп, ерлер құрамасы шорт-трек спортынан ел тарихындағы тұңғыш алтынды жеңіп алды. Ол мұз айдынына 11 жасынан барды. Қазір ұлттық құрамада, астана атынан шығып жүр. Дүбірлі додалардан алған 100-ге жуық медалі қаз-қатар ілініп тұр.
Қазбек Әміров, Әділ Ғалиахметовтің әкесі:
Эстафета болайын деп жатқанда құрамын айтты ғой. Біздің бала жоқ болды онда. Кеше сөйлескенде бұлшықетімді созып алдым деп отыр еді. Содан ақтық кезде тек телевизорды сөндіріп кетейін деп жатсақ, мә, «Әділ Ғалиахметов шықты» деді. Содан отыра қалдық. Содан қарап, енді тек эмоция, сөз жоқ. Алтын дегеннің аты - алтын ғой
Әділ төрт жасында балабақша ауласынан секіріп түсіп, үйіне өзі кеп жүрген. Тәрбиешінің сол кезде «мына бала спортшы болады» дегені дөп келді. Алғашқы бапкері де Әділдің спортқа қабілеті зор болғанын айтады.
Максим Лозовой, Әділ Ғалиахметовтің алғашқы бапкері, шорт-тректен облыстың бас жаттықтырушысы:
Ол бірден өзін болашағынан үміт күттіретін спортшы ретінде көрсетті. Облыс, ел чемпионаттарында топ жарды. Әрине, жеңіске қатты қуандық! Қазір біздің топтың деңгейі өте жоғары. Қытай мен Корея бәсекелес тек бізге. Бірақ күресті. Тер төкті. Ерлер тарихи алтынды жеңіп алды.
Алтын ұлдардың бірі - Абзал Әжіғалиев те Оралдағы мұз айдыны спорт сарайында шынықты. Бес жасында әкесінен айырылса да, жігерлі, намысты ұл боп өсті. Жеңіліп, жігері жасығанда, анасы қолдап, қайрап отырды.
Шолпан Қайлонова, Абзал Әжіғалиевтің анасы:
Өте қуаныштымын, бірақ мен теледидар қарамаймын. Себебі балаларды көріп, жүрегім ауырады. Қиын спорт қой. Құлап қала ма, аяғын кесіп ала ма деп. Аяғын да кесіп алып жүрді. Баламның мінезі тұйық. Күнде хабарласпағанмен, аптасына бір хабарласамыз. Жаттығуына кедергі келтірмейін деп. Көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз ұлым ғой.
Азиадада күміс алған қыздар құрамасының қатарында оралдық спортшы Алина Әжіғалиева да бар. Жалпы Орал шорт-трек мектебі ел ішінде үздік саналады. Спортшылардың ендігі межесі - келер жылы Италияда өтетін ақ олимпиада алтынын алу.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
