Азиада-2025: Шорт-тректегі тұңғыш алтынды жеңіп алған спортшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Азиада-2025: Шорт-тректегі тұңғыш алтынды жеңіп алған спортшылар

Азиада-2025: Шорт-тректегі тұңғыш алтынды жеңіп алған спортшылар

Шорт-тректен тарихи алтынды қоржынға салған спортшылардың сапында оралдық оғыландар да бар. Жеңісті қолдан жұлып алған Әділ Ғалиахметов пен Абзал Әжіғалиев - облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері. Әріптесім Ардақ Мұратқызы алтын алқалы ұлдардың ата-анасы, бапкерлерімен тілдесіп, құттықтап қайтты.

Бұл тарихи сәтті Әділдің ата-анасы көп күтті. Ғалиахметов 5 мың метр эстафетаның соңғы екі айналымын өзі жүгіріп өтті. Сөйтіп, ерлер құрамасы шорт-трек спортынан ел тарихындағы тұңғыш алтынды жеңіп алды. Ол мұз айдынына 11 жасынан барды. Қазір ұлттық құрамада, астана атынан шығып жүр. 26 жастағы спортшының дүбірлі додалардан жеңіп алған 100-ге жуық медалі қаз-қатар ілініп тұр.

Қазбек Әміров, Әділ Ғалиахметовтің әкесі:

Эстафета болайын деп жатқанда құрамын айтты ғой. Біздің бала жоқ болды ол тізімде. Кеше сөйлескенде бұлшықетімді созып алдым деп отыр еді. Содан ақтық кезде тек теледидарды сөндіріп кетейін деп жатсақ, «Әділ Ғалиахметов шықты» деді. Содан отыра қалдық. Содан қарап, енді тек эмоция, сөз жоқ. 

Әділ төрт жасында балабақша ауласынан секіріп түсіп, үйіне де өзі келіп жүрген. Тәрбиешінің сол кезде «Мына бала спортшы болады» дегені дөп келді. Алғашқы бапкері де Әділдің спортқа қабілеті зор болғанын айтады.

Максим Лозовой, Әділ Ғалиахметовтің алғашқы бапкері, шорт-тректен облыстың бас жаттықтырушысы:

Ол бірден өзін болашағынан үміт күттіретін спортшы ретінде көрсетті. Облыс, ел чемпионаттарында топ жарды. Әрине, жеңіске қатты қуандық. Қазір біздің топтың деңгейі өте жоғары. Қытай мен Корея бәсекелес тек бізге. Бірақ күресті. Тер төкті. Ерлер тарихи алтынды жеңіп алды.

Абзал Әжіғалиевтің анасы жеңіс туралы хабарды туыстарынан естіген. Өйткені өзі баласының жарысын тікелей эфирден қарай алмайды. Спортшы бес жасында әкесінен айырылғанымен, жігерлі, намысты ұл боп өсті. Қанша жарақат алса да, сағы сынбады. Жеңіліп, жігері жасығанда, анасы қолдап, қайрап отырды.

Шолпан Қайлонова, Абзал Әжіғалиевтің анасы:

Өте қуаныштымын, бірақ мен теледидар қарамаймын. Себебі балаларды көріп, жүрегім ауырады. Қиын спорт қой. Құлап қала ма, аяғын кесіп ала ма деп. Баламның мінезі тұйық. Күнде хабарласпағанмен, аптасына бір хабарласамыз. Жаттығуына кедергі келтірмейін деймін. Көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз ұлым ғой.

Азиадада күміс алған қыздар құрамасының сапында оралдық спортшы Алина Әжіғалиева да бар. Жалпы Орал шорт-трек мектебі ел ішінде үздік саналады. Оған 2002-2011 жылдары өңірде бас бапкер болған, алтынды ұлдардың ұстазы Мәдіғали Қарсыбековтің еңбегі зор. Аймақтағы мұз айдынан 10 әлем чемпионы шықты. Спортшылардың ендігі межесі - келер жылы Италияда өтетін ақ олимпиада алтынын алу.

Ардақ Мұратқызы 

Автор
Редакция
Бөлісу