Мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқарды

Мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқарды

Мемлекеттік сатып алу туралы заңның жаңа ережелері өз нәтижесін беріп жатыр. Конкурстарды өткізу мерзімі 10 күнге қысқарғаннан кейін жобаларды жүзеге асыру жеделдетілген. Мәселен, бір ай ішінде 951,38 млрд теңгеге 282 703 шарт жасалған. Өткен жылдың осы кезеңінде 223,2 млрд теңгеге 165 558 шарт жасалған еді. Шағымдардың да саны 22%-ға азайып, 1700-ден 1320-ға дейін төмендеді. Ақмола облысы Зеренді ауылында салынып жатқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жаңа заңның жемісі деуге болады. Конкурс 8 қаңтарда жарияланып, қорытындысы 6 жұмыс күні ішінде шыққан. 

Азамат Байқуанышев, Ақмола облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Жобаның құны 2 млрд теңгеден асады. Мердігер рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, жаңа мемлекеттік сатып алу бойынша таңдалды. Бұл конкурс мерзімін айтарлықтай қысқартып, құрылысты 16 қаңтарда бастап кетуге мүмкіндік берді. Жоба жыл соңына дейін аяқталады және нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ біз жүйеде қосымша балл алатын жергілікті құрылыс салушыларға назар аударамыз, бұл оларды қатысуға ынталандырады.

Яғни бюрократиядан арылудың арқасында нысан ертерек қолдануға беріледі. Тағы бір мәрте айта кетейін, 1 қаңтардан бастап күшіне енген Мемлекеттік сатып алу туралы заң аясында сатып алу мерзімі 2 айдан 10 күнге дейін қысқарды. Мысалы, конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 күнге, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 күнге қысқартылды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады. Жаңа заң Мемлекеттік сатып алу саласын бюрократиядан арылтуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жедел іске қосуға мүмкіндік бермек.

Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Рейтингтік-балдық жүйеге сәйкес, мердігер 5 жұмыс күнінде таңдалынып алынады. Рейтингтік-балдық жүйенің қорытындылары шағымдануға жатпайды. Рейтингтік-балдық жүйеде адами фактор жоқ. Жергілікті компанияларды қолдау балы 1 балдан 2 балға дейін өсіп отыр. Бұл жергілікті жерде тіркелген компанияларға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Серік Жұмабек


Автор
Редакция
Бөлісу