ҚҚС: Арнайы жұмыс тобы өңірлердегі кәсіпкерлермен кездеседі
«Қосылған құн салығының мөлшерін кезең-кезеңмен өсіруді сұраймыз. Кәсіпкерлер оның бірден көтерілгеніне дайын емес». Бүгін жаңа Салық кодексін талқылауға арналған жиында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері осындай ұсыныс айтты. Олардың пайымдауынша, құн салығы бірден өссе, жылына 15-20 млн табыс табатын бизнес субьектілері де ыдырап кетуі мүмкін. Өйткені заңға енгелі жатқан өзгерістерге сай жылына 15 млн теңге пайда табатындар да қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
Біз қосымша құн салығының 20 пайызға, тіпті 15 пайызға өсуіне қарсымыз. Қосымша құн салығында белгіленген шекті 15 млн теңгеге түсірмек. Бұл дегеніміз ірі бизнес былай тұрсын, шағын кәсіпорындардың да ыдырауына алып келуі мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт - білім беру, денсаулық сақтау сынды салалар ауқымды әрі жеке инвестицияны талап етеді. Осы салаларға дифференциация жасалғанын қалаймыз.
Айта кетейік, Үкімет қосымша құн салығын 16 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл - қазіргі мөлшерлемеден 4 пайызға жоғары. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмриннің айтуынша, бұл жыл сайын бюджетке түсетін қаражатты 4-5 трлн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол елдің инфрақұрылымы мен маңызды салаларын дамытуға жұмсалады. Қосылған құн салығына қатысты Мемлекет басшысы да жауаптыларға асығыс шешім қабылдамауды тапсырған болатын.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
Бүгінгі таңда бізде 6 жұмыс тобы құрылды. Олар күні ертеңнен бастап еліміздің барлық облысын аралап, кәсіпкерлермен кездесіп бюджет Кодексіне енетін өзгерістерді түсіндіреді және барлық мәселені ақылдасады. Біз кез келген сұрақты талқылауға дайынбыз.
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
