Мәйіттік донордың жүрегі, бауыры мен бүйрегі 3 науқасқа салынды
Елімізде 100-жүрек трансплантациясы жасалды. Ми өлімі тіркелген азаматтың туыстары мәйіттік донорға келісім беріп, ағзасы үш науқасқа салынды. Ота жасалған азаматтардың жағдайы қалай? Динара Жарқынбек біліп қайтты.
Алматылық 54 жастағы Әлібек Тоғызбаевқа бір апта бұрын еліміздегі 100-жүрек трансплантациясы жасалды. Қазір жағдайы оңалып келеді. «Жақында құлан таза айығып, үйге шығарылады», - дейді дәрігерлер. Өзгеге өмір сыйлаған донор – Солтүстік Қазақстан облысының 62 жастағы тұрғыны екен.
Юрий Пя, UMC басқарма төрағасы, кардиохирург:
Біз Қазақстандағы 100-жүрек транплантациясын сәтті өткіздік. Ота ұзақ жасалды. Жүректі Астанаға жеткізер кезде ауа райы салдарынан қиындық болды. Дегенмен үлгеріп, операцияны сәтті жасадық. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Донор болған азамат инсульт алған, ол кісіде ми өлімі тіркелді. Туыстары мәйіттік донорға рұқсатын берді.
Ағзасы ауыстырылған Әлібекке біраз жыл бұрын жүрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған. Донор болмағандықтан, дәрігерлер оған жүрек қан айналымын қолдайтын механикалық құрылғы орнатыпты. Науқас 4 жыл аппаратпен өмір сүрген.
Айнұр Молдабекова, науқастың жұбайы:
Соңғы 1 айда төсек тартып жатып ауырып қалды. Мүлдем үмітіміз үзілді дегенде бізге 2 ақпан күні тура 4 жылдан кейін түнде доктор Наиль хабарласты. Сіздерге донор шығып тұр деді. Тездетіп Астана қаласына ұшып келе аласыздар ма дегенінде қуандық, қобалжыдық, қорықтық, сенбедік. Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Таңғы 06:30-дағы рейспен Астанаға ұштық.
Елімізде бұл ота түрі сирек жасалады. Бұған себеп - мәйіттік донордың аздығы. Ал туыстарының рұқсатымен донордың бауыры мен бүйрегі де басқа науқастарға салынды. Осылайша 1 мәйіттік донордың ағзасы 3 адамға өмір сыйлады. Ал күту парағына тіркелген пациенттердің 80 пайызы бүйрекке зәру. Жүрек, өкпе, бауыр, ұйқы безі мен көз қабығына мұқтаж жандар да өзгенің ағзасын күтіп өмір сүріп жатыр.
Динара Жарқынбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
