Бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні

Бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні

Бүгін ғашығыңызға, жақыныңызға, тіпті кез келген адамға керемет сыйлық беретін күн. Себебі бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мейрам 2012 жылдан бері тойланып келеді. Елімізде де жыл өткен сайын кең ауқымда аталып өтіп жатыр. Ондағы негізгі мақсат – ілім мен білімді насихаттап, жасөспірімдер арасында кітап оқу дағдысын одан әрі дамыту.

5-сыныпта оқитын Айзере өзі оқыған 5 кітабын кітапханаға сыйлауға келіпті. Болашақта кітап жазғысы келеді. Әзірге мамандық таңдап жүр.

Айзере Әділетқызы, 5-сынып оқушысы:

Менің хоббиым көп болғандықтан, әлі нақты шешпедім. Бірақ биші, әнші, актер болғым келеді, суретші, сосын жазушы да болғым келеді.

Елдегі кітапхана қорында 73 млн шамасында кітап бар екен. Соңғы 4-5 жылдың аралығында кітапхана оқырмандарының саны 3 млн-нан 5 млн-ға дейін көбейіпті. Қазір жастар ақылына ақы сұрамайтын ұстаз – кітапқа иек арта бастаған. Әсіресе нон-фикшн бағытына қызығушылық басым.

Алмаз Мырзахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап ісі басқармасының басшысы:

Кітап оқитын халық салыстырмалы түрде жыл сайын жоғарылап келеді. Бұл үрдістің шынымен де жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатқандығын кітап дүкендерінің көбеюімен де түсіндіруге болады және қазақ дүкендерінің кітап дүкендерінде ұлғайғанымен де айтуға болады.

Біз кітап оқитын ұлтқа айналымыз керек. Бұл - қазығы құрылтайда қағылған қағида. Ал бүгінгі мереке сол мүддемен үндеседі.

Баянғали Әлімжанов, ақын, жазушы:

Бұл мерекені керек деп ойлаймын. Өйткені басқа да даңғаза мерекелер толып жатыр ғой. Оның қасында кітаптың мерекесі, кітап сыйлау деген өте жақсы іс.

Қасым - мектеп табалдырығын аттамас бұрын әріп танып, ойын-сауық орталықтарынан гөрі кітапханада уақыт өткізгенді құп көретін зерек бала. Камераны көріп, елге үндеу айтамын деді.

Қасым Ернатұлы, 1-сынып оқушысы:

Мен Ұлттық академиялық кітапхананы, әсіресе балалар бөлімінің кітапханашыларын қатты жақсы көремін. Абай атамыз «артық ғылым кітапта, ерінбек оқып көруге» деген. Бәріміз кітап оқиық. Сонда ғана қазақтар әлемдегі ең мықты мемлекет болады.

Азамат Бейбітұлы 

Автор
Редакция
Бөлісу