Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл

Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл

Биыл қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, сазгер Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл. Алты ішектің арланы атанған Табылдының әндері бүгінде қазақ сахнасынан ойып орын алған.

Табылды Досымов бард жанрын қазақпен қауыштырған алғашқы тұлға. Алты ішекті жыраулық дәстүрмен ұштастырған толағай дарынның өнері көпке мәлім. Оның орындауындағы «Биіктік», «Ұнатамын мен сені», «Сәйгүлік» атты әндері талғампаз көрерменді тәнті етті.

Қарлығаш Ибатова, Табылды Досымовтың жары:

1983-84 жылы жазылған, көп әндері 1986-да жазылған. Біраз әндері 18-20 жас шағында жазылған.

Ақынның көзі тірісінде 70-ке тарта туындысы жарық көрген. Сағынышқа, мұңлы сезімге, намысқа толы өлеңдері көптің жүрегін жаулап алды. Жастарға патриоттық рух сыйлады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл жерде Табылды Досымовтың қолжазбалары. «Мен қазақпын», «Кешіккенің қайткенің» одан кейінгі қазіргі күллі қазақтың аузында жүрген «Биіктік» әні де осы жерде. Өзінің ойына келген кезде өлең шумақтарын осы бір қолжазба жинағына енгізіп отырған.

Ел ішінде елеусіз күн кешкенмен жерлестері Досымовты қазақ өнеріндегі алғашқы және соңғы бард деп таниды. Өйткені синкретті жанрда Табылды сияқты шоқтығы биік талант әлі шыққан жоқ.

Жанай Амантурлин, Индер ауданының тұрғыны:

Жастарымыз, оқушыларымыз бұрын Махамбеттің, Мұрат Мөңкеұлының жырларын жатқа соғатын еді. Қазір Табылды Досымовтың әндерін жақсы шырқайтын болды. Қазір қарапайым мына көшеде біздің жастарымыз Табылдыға еліктеп қолына гитара алып, әндерін шырқап отырады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

«Қалады аузыңда сары тісің, қалады гаражыңда сары Волгаң». Бард ақынның «Өмірзая» атты өлеңінде жырлаған сары Волгасы мінеки, дәл сол қалпында өз үйінің ауласында тұр.

Болашақта ақынның үйі музейге айналуы мүмкін. Бұл бастама – оның шығармашылығын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Бижан Қалмағамбетов, Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры:

Облыстың басшылары да, аудан басшыларына да осыны құлаққағыс қылып айтқанбыз. Кітапхана болады, ішінде мұражай болады. Сондай мәселелер көтерілді. Болашақта шешіледі деп ойлап отырмыз.

Биіктікті қыранның қанатымен өлшеп, аспанға қол созған бірегей дарынның теңдессіз туындылары әлемді шарлап, тыңдарманын тамсантып келеді. Жүрекке жеткен ән - мәңгілік.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Автор
Редакция
Бөлісу