Маңғыстауда 2 инвестициялық жобаның құрылысы аяқталуға жақын
Маңғыстауда 5 триллион теңгенің 15 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олар өңдеу өнеркәсібі, ауыз сумен қамту, энергетика және мұнай-газ салаларын дамытуға ықпал етпек. Сондай-ақ, 350 ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде кейбір жобалардың құрылыс жұмыстары аяқталуға таяған. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.
Энергетика саласындағы ірі жобалардың бірі – Қарақия ауданында бой көтерген жел электр станциясы. Күніне 50 Мгб экологиялық таза энергия көзі өндірілетін жобаға 13 млрд теңге инвестиция құйылған. Құрылысы былтыр басталып, биіктігі 140 метрлік 8 жел турбинасы орнатылды. Қазір сынақ жұмыстары жүріп жатыр.
Бейбарыс Абылай, жоба жетекшісі:
Ток энергиясы өндірілген кезде МРЭК компаниясына Жетібай станциясына жіберіледі. Ауылдық жерлерде мекеме көп орналасқандықтан соларға ток энергиясы жіберілетін болады. Қазіргі таңда Маңғыстау өңірлік электр тораптар компаниясымен МРЭК компаниясын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал мұнайгаз саласына арналған құбырлар мен сораптар өндіретін зауыт 20 млрд теңгеден астам инвестицияға салынып жатыр. Жоба Жаңаөзен қаласында бой көтерді. Зауытта жылына 500 мыңға жуық сорап пен 50 мың тоннадай құбыр өндіру жоспарланған. Бүгінде құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалды. Зауытты жаз айларында іске қосып, 250-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.
Жандос Ғазиз, зауыттың бас директоры:
Жаңаөзенге салған себебіміз - жобаны локализациялау бар. Жаңаөзен халқын жұмысқа алу үшін де осы жерде салып жатырмыз. «Өзенмұнайгазбен» келісімшартымыз бар, сол «Өзенмұнайгазға» біз құбырларды, сораптарды қоямыз деген жоспарымыз бар.
Аймақта өңдеу өнеркәсібі, су тұщыту, мұнайгаз және энергетика салаларында 5 трлн теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Қаламқас-Хазар кен орнын игеру, Каспий-битум зауытының өнімділігін ұлғайту, Ақтауда су-бу қондырғысын салу, Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын және гибридті электр станциясын салу жобалары.
Аслан Сүйебаев, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Аталған жобалар іске асуы нәтижесінде өңірдің бірталай мәселесі шешіледі деген сенімдеміз, яғни энергетика саласында, су тұщыту саласынан. Халықты жұмыспен қамту мәселелеріне де. 2025-жылы 15 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 350 дей тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұған қоса, аймақта алдағы жылдары іске қосылатын екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастаған. Оның бірі - жалпы құны 600 млрд теңгені құрайтын амиакты-карбимитті кешені. Екіншісі - жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіретін зауыт жобасы.
Аягөз Оралбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
