Өзбекстанда қазақ қаламгерлер көбейіп келеді
Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің қатары уақыт санап артып келеді. Мұндағы шығармашылық орта төл әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Өткен жылы 20 ақын-жазушының кітабы жарық көрген. Бұл жинақтар осы елдегі қазақ мектептеріне тегін таратылды.
Өзбекстан жазушылар одағының жанында Қазақ әдебиеті кеңесі бар. Бауырлас елдегі шығармашылық өкілдерінің жиі бас қосатын жері осы бірлестік. Қаламгерлердің саны 60 қа жуықтайды. Қазақ әдебиетіне көрсетіліп жатқан қолдау ерекше. «Бұл қос мемлекет арасындағы мәдени, рухани қарым-қатынастың нығая түскенінің белгісі», - дейді олар.
Тұрсынәлі Ахметов, Өзбекстан жазушылар одағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы:
Қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы шыққан болса, соның жартысы дерлік қазақстандық баспалардан шыққан. Сондай-ақ Қазақстандағы өзбек қаламгерлерінің бірталай кітабы біздің елде шыққан, бұл екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық, әдеби байланыстың дамып жатқанының бір белгісі ретінде бағалауға болады.
Бүгінде он үш қандасымыз Өзбекстанның Жазушылар одағына мүше атанды. Олардың арасында қазақ-өзбек әдебиетінің зерттеушісі Қалдыбек Сейданов, ақын Лала Жұманова, Абдулла Рүстемов сынды шайырлар бар. Былтыр жарық көрген қазақ қаламгерлерінің туындылары арасында қандастарымыз көп қоныстанған Науайы облысындағы ақын-жазушылардың да еңбектері баршылық.
Гүлдана Нарымбетова, публицист-аудармашы:
Науайы облысындағы 58 қазақ мектебіне осы кітаптар тегін таратылды.Бұл кітаптар арқылы біздің өскелең ұрпақ өзінің ана тілін сақтап, сонымен бірге қазақтың мәдениетін әрі қарай дамытуға үлес қосады
Өзбекстандағы шығармашыл орта биыл хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойын бауырлас елде лайықты атап өтуді жоспарлап отыр. Ол үшін дайындық қазірдің өзінде басталып кеткен. Алдағы уақытта жыр мүшәйралары мен ақындар айтысы сынды дүбірлі додалар өткізіледі.
Базаркүл Отыншиева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
