Аутизм диагнозы бар жастар әлеуметтік кафеде жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Аутизм диагнозы бар жастар әлеуметтік кафеде жұмыс істейді

Аутизм диагнозы бар жастар әлеуметтік кафеде жұмыс істейді

Елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Мемлекет мұндай бірлестіктерді қолдау арқылы әлеуметтік тапсырыс пен гранттардың санын арттырып келеді. Әлеуметтік бағытта ашылған жобалар туралы тілші материалы. 

Бұл – жай ғана дәмхана емес, ерекше жандар үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Аутизм диагнозы бар жастар мұнда тағам әзірлейді әрі даяшы. Төрт ай бұрын ашылған әлеуметтік кафеде 10 адам еңбек етеді. Ерекше жандарға қолдау көрсетіп, мұнда жиі келетін қонақтар да бар.

Гүзел Әмірханова, «Орда» аутизмі бар балалар ҚБ төрағасының орынбасары:

Дәмханада біздің орталықта тәрбиеленген, 18 жастан асқан жастар қызмет етеді. Олар алдымен арнайы дайындықтан өтті. Жұмыс кезінде мамандар міндетті түрде жанында жүріп, бақылайды. Әрине көпшіліктің алдында еңбек ету, қызмет көрсету оларға әуелде қиын болды. Дегенмен қазір жұмыс күнін асыға күтеді. Еш ренжітпей, жақсы жалақы төлеуге тырысамыз.

Ал дәмханадан түскен табысты оңалту орталықтарын қаржыландыруға жібереді. Аутизмі бар балалар қоғамдық бірлестігі 8 жылда 4 оңалту орталығын ашқан. Жыл сайын 600 баланы қамтиды.

Мүгедектігі бар бала асырап отырған 300 ана кәсіп ашқан

Ал «Mama Pro» қоры мүгедектігі бар бала асырап отырған аналардың кәсіп ашуына қолдау көрсетеді. Орталықта бүгінге дейін 3 мыңнан астам әйел арнайы оқудан өткен. Соның 300-ге жуығы өз бизнесін дөңгелетіп отыр.

Әсия Тикеева, «Mama Pro» қоғамдық қорының құрылтайшысы:

Мүгедектігі бар бала асырап отырған ана көбіне күйзелісте жүреді. Әсіресе баланың диагнозы туралы білген сәтте оларға өте ауыр. Сондықтан біз мұнда психологиялық қолдау ғана көрсетіп қоймай, ойға алған бастамаларын іске асыруға көмектемесіз. Кәсіпке деген қабілетін шыңдауға қолдау білдіреміз.

Арнайы оқудан өткен аналардың алды бүгінде тігін цехын, бұйым жасау және жартылай дайын өнім әзірлеу кәсібін бастаған. Кейбірі тіпті оңалту орталығын ашыпты. Қор аналарға ғана емес, сондай-ақ мүгедектігі бар баланың бауырларына да жан-жақты психологиялық қолдау білдіреді.

Айя Мүтәлі

Автор
Редакция
Бөлісу