Елімізде 100 адамға донор жүрегі қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елімізде 100 адамға донор жүрегі қойылды

Елімізде 100 адамға донор жүрегі қойылды

Елімізде 100 адамға донор жүрегі қойылды. Осыған орай бүгін сала министрі трансплантологияның дамуына үлес қосқан үздік мамандар мен ұйымдарды марапаттады. Форум аясында жаңа инновациялық құрылғының таныстырылымы өтті. Медицинадағы тың жаңалықты әріптесім Ақниет Балтанова таныстырады.

Бүгінде елімізде жүрек трансплантациясын күтіп отырған 142 науқас бар, олардың бесеуі – бала. Ал Гүлмира Смаиловаға мұндай күрделі ота 10 жыл бұрын тегін жасалды.

Гүлмира Смаилова, рецидент:

2011 жылы осы Астана қаласына емделуге келдім. Сонда дәрігерлер бірден айтты, жүрек алмастыру керек деп. Бірақ Қазақстанда ондай операция жоқ. Қашан болатынын білмейміз деді. Солай маған жасанды жүрек аппаратын қойды. Сонымен 3,5 жыл жүрдім. Сол 3,5 жыл аралығында 4 рет донор табылды деп шақырды. Бірақ көбіне туыстары рұқсат бермей қалып, операция болған жоқ. Содан 2015 жылы 5-рет шақыртуда маған жасалды.

«Alem» құрылғысы донорлық ағзаны 1 тәулік бойы сақтай алады

Әдетте донорлық ағзаларды сақтау мен тасымалдауға 4 сағат қана уақыт бар. Енді ағзаны 24 сағат бойы зақымдамай сақтауға болады. Бүгінгі форумда «Әлем» деп аталатын жаңа құрылғы таныстырылды.

Юрий Пя, University Medical Center басқарма төрағасы, кардиохирург, м.ғ.д.:

Қазақстан жер көлемі жағынан үлкен, қалалардың арасы бір-бірінен алыс. Сондықтан жарамды ағзаны 4 сағат ішінде жеткізу қиын болды. Осыны ескере отырып, ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер бәріміз бірігіп, «Әлем» құрылғысын жасадық. Енді осы инновацияның өндірісі үшін Астанадан зауыт салуға рұқсат алдық. Экпортқа шығару жоспары бар.

Мұрат Зауров, «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры:

Жүрекке жасадық көріп отырғандарыңыздай. Ал қазір өкпе, бауыр, бүйректі де алып, оны құрылғыда зерттеп жатырмыз. Барлық көрсеткіштер өте тамаша. Жапонияда 13 сәуірде болатын Халықаралық EXPO көрмесінде Қазақстанның медицинадағы жетістігі ретінде осы құрылғыны көрсетеміз.

Былтыр елімізде 86 жарамды мәйіттік донор табылған. Алайда оның 76-ы ағзаны пайдалануға қарсылық білдірді. Тек 10 отбасы ғана рұқсат берген. Сондықтан 13 жылда 100 трансплантация деген аз, дейді мамандар. Отандық медицинаның одан да көп ота жасауға қауқары жетеді. Ендеше трансплантация туралы түсіндіру жұмыстары мен халықты ақпараттандыру – өте маңызды шара.

Ақниет Балтанова


Автор
Редакция
Бөлісу