АҚШ-та торнадодан қаза тапқандардың саны 34 адамға жетті
АҚШ-тың орталық және оңтүстік штаттарында көтерілген құйыннан қаза тапқандардың саны 34 адамға жетті. Жойқын торнадодан әсіресе Миссури штаты ең көп зардап шекті. Онда 12 адам қайтыс болған.
Бұл Миссури штатындағы астаң-кестеңі шыққан елдімекендердің бірі. Құйынның жойқын болғаны соншалық ағаштарды тамырымен қопарып, үйлерді үйіндіге айналдырған. Мұнда туыстарын құтқаруға келген Дакота Хендерсон қоқыстардың арасынан бес адамның денесін көргенін айтады.
Дауыл басылған кезде осы жерге келіп, үйінің бір бөлмесінде қамалып қалған әпкемізді терезеден шығарып алдық. Кейін басқа адамдарға көмектестік.
Канада шекарасынан Техасқа дейін жеткен желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға барған. Метеорологтардың айтуынша, бұл Арканзас, Иллинойс, Миссисипи және Миссури штаттарында екі күн ішінде 26 торнадоның көтерілуіне себеп болған. Қатты жел кей өңірде құмды дауылдарға айналып, 100-ден астам орман өртін тұтандырған. Жалпы, экстремалды ауа райы 100 млн-нан астам адам тұратын аймаққа әсер еткен.
Көріп тұрсыздар, ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Айнала қоқысқа толды. Тіркемелер тұратын саябақта қаза тапқандар болды. Көп адам баспанасынан айырылды.
Дегенмен қауіп сейілген жоқ. Ұлттық метеорологиялық қызметтің хабарлауынша, найзағай аралас дауылдар жаңа торнадоларға ұласуы мүмкін. Әсіресе, Мексика шығанағы жағалауы мен елдің оңтүстік-шығысында табиғаттың тосын мінез көрсету ықтималдығы басым.
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы