Илон Маск мемлекеттік қызметтен кетуі мүмкін
Әлемнің ең бай адамы Илон Маск мемлекеттік қызметтен кетуі ғажап емес. Мұны президент Трамп та жоққа шығарған жоқ. Айта кетсек, кейінгі кездері технологиялық миллиардердің іс-әрекеттеріне Америкада ғана емес, әлемде де наразылық күшейіп келеді.
Илон Маск Ақ үйдің аға кеңесшісі деген қызметімен қош айтысуға жақын. Сонымен қатар, оның мыңдаған мемлекеттік қызметкерді жұмыстан айырған Үкімет тиімділігі атты Департаменті де келмеске кетуі ғажап емес. Мұндай сценарийге дүйсенбі күні президент Дональд Трамптың өзі де меңзеп мәлімдеме жасады.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Меніңше, ол ғажап адам. Сонымен қатар менің ойымша ол үлкен компанияны басқаруы керек. Бір күні сол жерге оралуы тиіс. Өзі де соны қалап отыр. Бірақ қолымнан келсе оны қасымда ұзақ уақытқа қалдырар едім.
Расында да технологиялық миллиардердің өзі де кетуге қарсы емес сияқты. Себебі мемлекеттік қызмет оның компаниялары үшін тиімсіз екен. Мұны әлемнің ең бай адамы наурыздың 29-да Американың FoxNews телекомпаниясына берген сұқбатында айтты.
Илон Маск, Үкіметтің тиімділігі Департаментінің басшысы және технологиялық миллиардер:
Үкіметте жүру мен үшін тиімсіз. Пайдалы емес. Егер мемлекеттік қызметте жүрмесем, лобби жасап, өз компанияларыма қажетті істерді атқарар едім. Үкіметтегі жұмыстан фирмаларым зардап шегіп жатыр.
Илон Маск Үкіметтің тиімділігі Департаменті басшылығына 130 күнге тағайындалды. Өкілеттігі мамырда аяқталуы тиіc. Осы уақыт ішінде Маск түрлі федералдық агенттіктерді жауып немесе қысқартып, мемлекеттің 1 триллион доллар ақшасын үнемдеуге уәде берді. Бұл бастама елдің бәріне ұнамады. Америкалықтар кейінгі кездері Маскке қарсы шерулерді жиілетіп отыр. Қарсылық акцияларына демократтар ғана емес, республикалықтар да шыға бастады. Себебі олардың арасында да сан мың адам жұмыстан айырылған.
Энди Рич, шеруші, Висконсин штаты Маринетта қаласының тұрғыны:
Мен «күлі қалғанша өрте» деген менталитеттің жақтаушысы емеспін. Иә, көп дүниені өзгерту қажеттігімен келісемін. Алайда реформаны дұрыс жүргізбесек, одан әрбір америкалық зардап шегеді. Ал миллиардерлерге ешқандай зиян тимейді.
Магнаттың ешқандай бақылаусыз, мыңдаған адамды күнкөрістен айыруы да әлемде «Тесла жойылсын» деген шерушілердің басталуына себепші. Осының салдарынан онсыз да қытайлық электромобильдермен бәсекеде ұтылып жатқан «Тесланың» акциялары биыл бірінші тоқсанда 36 пайызға арзандаған. Бұл құлдырауға Масктің Еуропада ұлтшылдар мен нәсілшілдерді қолдауы да үлес қосып отыр.
Соңғы күндері Германияда, Швецияда, Канадада «Тесланың» дилерлік орталықтарына бояу шашылып, Римде америкалық компанияның 17 электромобилі өртелді.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы