Елде күніне қант диабетіне шалдыққан 5 науқасқа ампутация жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елде күніне қант диабетіне шалдыққан 5 науқасқа ампутация жасалады

Елде күніне қант диабетіне шалдыққан 5 науқасқа ампутация жасалады

Елде қант диабеті дендеп тұр. Күніне кем дегенде 5 науқасқа ампутация жасалады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, алдағы 5 жылда қант диабетімен ауыратындар қатары миллионға жуықтауы мүмкін деген қауіп бар. Толығырақ тілші материалы.

Зейнеткер Манарбек Қыдырбаевқа өткен жылы қант диабетінің 2 типі диагнозы қойылған. 75 жасына дейін салауатты өмір салтын ұстанған қария қазір дәрі-дәрмексіз жүре алмайды.

Манарбек Қыдырбаев, қала тұрғыны:

Скринингтен өткенде қан алды. Қан жоғары болды. Не екенін білмедім. Сосын маған тағы да тексеріліңіз, көрейік деді. Содан кейін расталды,  қан жоғары боп шықты. Есепке қойды.

Күтім дұрыс болмаса, арты мүгедектікке әкелмек. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде күн сайын 5 науқасқа ампутация жасалады.

Ақбаян Мақабаева, ҚР ДСМ штаттан тыс маманы, эндокринолог:

100 адамнан диабет анықталады. Ресми дерек бойынша, 520 мың адам тіркелгенімен, шын мәнінде науқастар біршама көп болуы мүмкін. Жалпы, биыл осы қант диабетімен күреске 70 млрд тг бөлінді. Бұған дәрі-дәрмек алынады. Жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаржы өсіп жатыр.

Соңғы жылдары қант диабеті «жасарған» дейді балалар эндокринолог маманы. Қазір 5 мыңнан астам науқас кәмелетке толмаған. Оның негізгі себептері сергіткіш сусындарды шамадан тыс ішу, таза ауаның жеткіліксіздігі және физикалық қимылдың аздығы.

Рысжан Қасымжанқызы, балалар эндокринологы:

Бірінші тип, екінші тип және гистациялық. Жүкті әйелдің жүктілік кезеңіндегі диабеті деп аталады. Ертең бала дүниеге келгеннен кейін қант мөлшері қалыпты болуы мүмкін. Балада қалыпты болуы мүмкін. Бірақ екеуі де қауіп факторіне өтеді. Екеуінде де қандай да бір уақыттан кейін диета сақтамаса,  оларда қант диабеті дамуы мүмкін.

Қазір отандық мамандар дамыған елдердің дәрігерлерімен ұдайы тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруда. Эндокринолог мамандар кеселмен күресудің бір жолы - қант диабеті орталығын ашу дейді.

Динара Жарқынбек


Автор
Редакция
Бөлісу