Қазақстаннан келетін тауарларға 27% импорттық баж салығы белгіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қазақстаннан келетін тауарларға 27% импорттық баж салығы белгіленді

Қазақстаннан келетін тауарларға 27% импорттық баж салығы белгіленді

АҚШ бүкіл әлемге қарсы тариф соғысын бастады. Бүгін Трамп сырт елден келетін барлық тауар түрлеріне он пайыздық базалық баж салығын енгізді. Ал, кейбір елдердің өнімдеріне тіпті салықты бірнеше есе көтеріп тастады. АҚШ-тың жаңа тариф саясаты Қазақстан экспортына да есер етпек. Трамп біздің еліміз тауарларына баж салығын едәуір арттырмақ.

Трамп командасы екі жарым ай бойы әзірлеген АҚШ-тың жаңа баж салығы саясатын Ақ үйдің қызыл бағында салтанатты түрде жария етті. Сонымен енді Америка нарығына кіретін кез келген тауарға кемінде 10% баж салығы енгізіледі. Бірақ кейбір елдерге тіпті қиын болғалы тұр. Ондаған мемлекеттің өнімдеріне баж салығы 50%-ға дейін өседі. Трамп ең жақын сауда серіктестерін де аяғалы отырған жоқ. ЕуроОдақ пен көршілері Канада мен Мексика тауарларына салықты еселеп күшейтпек. АҚШ-тың сауда мәселесінде елу жыл бойы есесі кетіп, тоналып келді деген Дональд Трамп, бұл сәтті Американың экономикалық азаттығының күні деп бағалады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

Осы себептермен, ертеңнен бастап, Америка Құрама Штаттары басқа елдерге өзара тарифтерді енгізеді. Біз соңғы бірнеше онжылдықта бұл туралы ойлаған едік, нәтижелерін көріп отырсыздар. Бірақ осының өзінде біз олар алып отырған тарифтерінің жартысын ғана енгіздік. Яғни тарифтер өзара тең емес. Мен мұны теңестіре алар едім, бірақ бұл көптеген ел үшін қиын болар еді. Біз мейрімділік танытып, ондай қадамға бармадық.

Сонымен Трамп өкімімен Қытайға қарсы 34%, Еуроодаққа 20%, Жапонияға қарсы 24% және Үндістан тауарларына 26% тариф енгізді. Ең көп 50% импорттық баж салығы Вьетнам мен Мьянмаға қарсы қолданылмақ. Жалпы, елеулі тариф біздің еліміздің өнімдеріне де салынбақ. Трамп жариялаған тізімге қарағанда Қазақстан тауарларына 27% баж салығы қосылады. Бір қызығы бұл тізімде Ресей мен Беларусь жоқ. АҚШ президенті осы саясаты арқылы сауда баланысын теңестіріп, америкалық кәсіпорындар мен жұмысшыларды қорғаймыз деп отыр. Алайда, сарапшылардың айтуынша, бұл ұстаным түптеп келгенде АҚШ тұтынушыларының қалтасын қақпақ.

Томас Бриджес, Делауэр университетінің экономика профессоры:

Меніңше, егер біз тарифті импорттайтын барлық тауарларға қарсы қолданатын болсақ, онда барлық өнімдер қымбаттауы мүмкін. Мысалы, Тайваньды алып қарасақ, біз олардан бірнеше компьютер чиптерін импорттаймыз, және, сол чиптер қымбаттайтын болса, онда жеке компьютерлер де қымбаттауы мүмкін. Мүмкін, үлкен қызметтерге тәуелді компаниялар үшін, мысалы Netflix немесе үлкен сервер орталықтарын салып жатқан компаниялар үшін өндіріс шығындары артады.

Бірақ, Трамп айтқанынан қайтпақ емес. Он пайыздық базалық баж салығын бүгіннен бастап өсірмек. Ал, одан жоғары тариф қарастырылған елдер үшін қосымша салық сәуірдің тоғызында күшіне енеді. Алайда, Трамп өзге мемлекеттер америкалық тауарларға импорттық баж салығын кемітіп, өзге де кедергілерді азайтса, ол елдермен арадағы тариф саясатын қайта қарастыруға дайынмын деп мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы

Автор
Редакция
Бөлісу