Абай Құнанбайұлы қолданған домбыраны сақтаған көне жәдігерлер жанашыры - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Абай Құнанбайұлы қолданған домбыраны сақтаған көне жәдігерлер жанашыры

Абай Құнанбайұлы қолданған домбыраны сақтаған көне жәдігерлер жанашыры

Белгілі зергер Берік Әлібай бүгінге дейін жинаған мол мұрасын мемлекет меншігіне өткізбек. Атадан қалған мирас бүлінбей, жоғалмай ел игілігіне қызмет етсе деген арманы бар. Себебі мұнда сақ заманынан бергі құнды дүниелерден бастап, 150 жылдық тарихы бар Абай Құнанбайұлы қолданған домбырасына дейін сақтаулы. Қазыналы әлемге әріптесім Ернұр Медет сапар шегіп қайтты.

Ернұр Медет, тілші:

Қаланың қақ ортасындағы бұл мұражай келген жанды таңғалдырары анық. Себебі мына алып ағаш есіктің арғы беті сан ғасырлық тарихымыздан сыр шертеді.
Мұражайға кірмей-ақ, аулаға енген беттен көне жәдігерлер көзіңізге түседі. Әрқайсының өзіндік тарихы, мәні-мазмұны бар. Кіре берістегі түкті кілем, алаша, сырмақ, төрдегі текемет барлығы көздің жауын алады. Ал бұл ерекше музей - қолөнер шебері, зергер Берік Әлібайдың атадан қалған мұраға, ұлттық құндылықттарға бей-жай қарамай, жәдігерлерді жинап, кейбірін қолдан жасап, тынбай еңбектенгенінің жемісі.

Берік Әлібай, зергер, музей иесі:

Қазақта ырымдам бала санын айтпайды ғой. Сол сияқты мен де шынында әлі санақ жүргізген жоқпын. Бірнеше мыңдаған экспонат бар. Сақ заманынан бастап қазіргі күнге дейінгі шеберлердің дүниесі жинақталған. Ұрпағыма енді аманат қылам. Өзімнің мына еліме, Отаныма деген аманат бұл. Осының бәрін мұртын бұзбай, шашау шығармай, әрі қарай үлкен музейге айналдыру - негізгі мақсатым. Содан рухани азық алса, ұрпағымыз осыны көріп, өзінің қазақ екенін ұмытпай, өзінің тілін ұмытпай жүрсе, біздің не сол ғой, негізгі мақсатымыз.

Мұндағы жәдігерлердің барлығы құнды. Бірақ менмұндалап бірден көзге түсетіні ол - осы Абайдың домбырасы. Ешқандай да көшірме емес. Ұлы хәкім Абай Құнанбайұлы қолданған түпнұсқасы осы домбыраның.

Берік Әлібай, зергер, музей иесі:

Биыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойын өткізейін деп отырмыз. Соған арнап мен Абай бұрышын жасап қойғам. Асадал - Абайдың домбырасы, Абайдың бейнелері. Мынау Абайдың үлкен бір кісіге сыйлаған домбырасы екен. Соны ұрпақтарынан алдым. Абай ұстаған, Абай тартқан домбыра ғой.

Ернұр Медет, тілші:

Музей 5 бөлмеден тұрады. Аумағы 300 шаршы метр. Күннен күнге келушілердің саны артып келеді. Әсіресе шетелдіктер қызығушылық танытады екен. Мұнда кіру туристер үшін ақылы. Ал тарихты танимын, өткенге көз саламын деген мектеп оқушылары тегін.

Ернұр Медет

Автор
Редакция
Бөлісу