Қосшыда балалар мінген автобус апатқа түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қосшыда балалар мінген автобус апатқа түсті

Қосшыда балалар мінген автобус апатқа түсті

Астана іргесіндегі Қосшыда балалар мінген автобус апатқа түсіп, жол жиегінде тұрған қоғамдық көлікке соғылды. Автобус ішінде балабақшаға бара жатқан бүлдіршіндер болған. Апатқа не себеп? Зардап шеккен жүргізушілер мен балалардың жағдайы қалай? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес оқиға орнына барып келді.

 Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Куәгерлердің айтуынша апат таңғы сағат 07:00 шамасында болған. Жолаушы тасымалдайтын автобус мына жерде тоқтап тұрған, балалар мінген шағын автобусты соғып, 10 метрге дейін сүйреп апарған. Қатты соққыдан шағын автобус аялдамаға барып соғылған. Шағын автобус, газел мынаған шаншылып тұрғанын көрдім.

Автобуста болған 10 бала Қосшы қаласындағы балабақшаға бара жатқан. Қатты соққыдан бес бүлдіршін жарақат алып, Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілді.

Медет Нұғманов, Астана қаласы «№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ директорының орынбасары:

Бізге бүгін жол-көлік оқиғасынан кейін 5 бала түсті, 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар. Бесеуінде де бас жарақаты бар. Бір баланың бұғана сүйегі, тағы бір 4 жастағы қыз баланың жамбас сүйегі сынған.

Жамбас сүйегі сынған қызға ота жасалып, қазіргі жағдайы орташа. Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршін оянған соң бөлімге ауыстырылады. Ал балалар мінген көлікті жекеменшік балабақша жалға алып, ата-аналар тасымал үшін қосымша ақы төлеп отырған. Балабақша басшылығымен тілдесе алмадық, ғимараттың есігі жабық, маңайында тірі жан көрінбейді. Ал қалалық әкімдік өкілдері мәселеге араласа алмаймыз дейді.

  Ардақ Зұлқажапқызы, Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Қосшы қаласында болған жол-көлік оқиғасына нақты қай тараптың кінәлі екенін тергеу амалдары көрсетіп, құзырлы органдар өз бағасын беруі тиіс. «Мирас» жеке балабақша болғандықтан, балаларды тасымалдау қызметі құрылтайшы мен ата-аналар арасындағы екіжақты келісімшарт негізінде көрсетілген. Бұл жерде әкімшілік араласа алмайды.

Автобус паркі өкілдерінің айтуынша, балалар мінген шағын автобусты соққан қоғамдық көлік жүргізушісі арақашықтықты сақтамаған. Оқиғаның мән-жайын полицейлер тексеріп жатыр.

 Алмагүл Тұрсынбаева, Ақмола облысы ПД аға инспекторы:

Оқиға салдарынан 7 бала медициналық көмекке жүгінді. Қазіргі уақытта апаттың мән-жайын анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту бойынша барлық іс-шара жүргізілуде. Апатқа себепкер болған қоғамдық көлік жүргізушісінің жасы 30-да, отбасылы азамат. Ол қалалық №1 автобус паркінің қызметкері. Оған қатысты тергеу жүріп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Автор
Редакция
Бөлісу