Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары ауыз суды әлі де тасып ішуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары ауыз суды әлі де тасып ішуге мәжбүр

Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары ауыз суды әлі де тасып ішуге мәжбүр

Маңғыстауда Аташ елді-мекеніне ауыз су құбырын жүргізу жобасы бұдан 2 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мердігер құбыр тартамыз деп ауылдың ішін, жолдарды түгел қазып, сол күйі тастап кеткен. Енді соның зардабын тұрғындар көріп отыр. Ал шенеуніктер болса, жобалық сметалық құжаттың кезінде дұрыс жасақталмағанын айтады. Аягөз Оралбайқызы тарқатады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл шұңқырлар осыдан екі жыл бұрын қазылған. Бірақ су құбыры сол күйі жүргізілмепті. Содан бері тұрғындар үйлеріне кіріп, шыға алмай, біраз қиындыққа тап болған.

Түпқараған ауданына қарасты Аташ елді-мекенінде 300-ге жуық үй бар. Ауыл таудың етегінде, тастақ жерде орналасқан. Тұрғындар онсыз да жер бедері ерекше көшелердің тас-талқанын шығарғанына наразы.

Мәншүк Тастемірова, Аташ ауылының тұрғыны:

Су тартам деп қазып кетті. Қыста жаңбыр, қар жауғанда күніміз күн емес. Көліктер жолда жүре алмайды. Осы суды бермейтін болса, өзіміз тартып ішейік. Мына жолымызды дұрыстап берсін.

Жоба бойынша елді-мекенге 110 шақырым құбыр жүргізілуі тиіс болған. Ол үшін бюджеттен 364 млн теңге бөлінді. Мердігер жұмыстың 60 пайызын орындап, тиісті қаражатын алған. Жобада ауылдың тау-тасты жерлері ескерілмегендіктен, ары қарай жұмыс тоқтап қалған.

Дидарбек Жантуаров, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары:

Мына төменгі ауылдың жер бедері есептелген де, жоғары таудың асты есептелмей кеткен. Тауды жару керек болды, экскаватор алып келу керек болды. Мекеменің қосымша шығындары болды. Олар бізге қосымша қаражат талап етті, бірақ оны бере алмадық заңға сәйкес. Сондықтанда сотқа бердік.

Әкімдік қалған жұмыстарды орындату үшін енді қайтадан байқау жарияламақ. Ал оған дейін тұрғындардың өтініші бойынша, қазылған жерлер қайта жабылады.

Аягөз Оралбайқызы

Автор
Редакция
Бөлісу