Жамбыл облысында екі ірі зауыттың құрылысы басталды
Жамбыл облысы Шу ауданында 1 трлн теңгеге жуық инвестициялық қаржыға бірден екі ірі зауыттың құрылысы басталды. Енді «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында жылына 3 млн тонна болат өндіретін металлургиялық зауыт салынады. Сондай-ақ Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын бой көтереді.
Темірді терең өңдеп, болат бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысын қытайлық инвесторлар қолға алды. 564 млрд теңге қаржыға тұрғызылатын зауыт 4 жылда толық қуатына шығады. Ал екі жылдан кейін алғашқы 1 млн тонна өнім береді. Әлем бойынша мұндай бес зауыт бар десек, Жамбылдағы алтыншы кәсіпорында 2,5 мың адам жұмыс істейтін болады.
Цзэн Чжаоцянь, «Fujian Hengwang Investment» компаниясының басқарма төрағасы:
Жылына 3 млн тонна қалдықсыз болат өңдейтін металлургия зауытының жұмыс қуатын екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде 1 млн тоннаға дейін арматура, созба сым, бұрышты болат шығарамыз. Ал екінші кезеңде 2 млн тонна профильді және жолақты болат жасаймыз.
Ал жүгеріні қалдықсыз терең өңдейтін зауытта 3 млн тоннаға жуық жүгері өңделеді. Инвестиция көлемі 420 млрд теңге. Нысанды салуға 6 мың адам тартылады. Кейін 1 500 тұрғын жұмыспен қамтылмақ.
Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Біздің қойып отырған талап - 90/10. Яғни 90% қазақстандық жұмыскерлер, 10% шетелдік. Бұлар 5 жылда бізге өзіміздің мамандарды оқытамыз, біліктілігін Қытайға апарып арттырамыз, одан кейін осында жұмысшыларды үйретеміз деп отыр. Кезең-кезеңімен толығымен өзіміздің жұмысшылар болады.
Айта кетерлігі, зауыт салынып бітпей-ақ, биылдың өзінде жергілікті шаруалардан 300 мың тонна жүгері қабылдайды. Олар осылайша офтейк-келісімшарттар негізінде қазірден қор жинауға қамданып отыр.
Данияр Әлімқұл
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
