Түркістан облысында шегірткені улауға қосымша дрондар жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Түркістан облысында шегірткені улауға қосымша дрондар жеткізілді

Түркістан облысында шегірткені улауға қосымша дрондар жеткізілді

Түркістан облысында шегіртке көбейіп барады. Зиянкестер шоғырланған аудандарда 4 жедел штаб құрылды. 65 аумақта жұмысшылардың тобы жасақталды. Шегірткені дереу жою үшін мамандар ұшақ пен дронды пайлануға мәжбүр. Өңірдегі ахуалды әрпітесім Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Шегірткенің дернәсілі биыл Арыстың аумағында ерте оянды. Қазір ауданның төрт бірдей елдімекенінде зиянкестер күн сайын көбейіп барады. Салдарынан жан-жаққа тарап, жайылымды жайпап кете ме деп алаңдайды шаруалар.

Таңат Төленбаев, шаруа:

Биыл жаңбыр болмауынан жер тақыр болып жатыр.  5-6 күннен асты шегірткелер қанаттап секіріп, бақшаны жеп жатыр. Өлтірудей өлтіріп жатырмыз, дегеніменен  көбейіп кетіп жатыр. Шаруаға ештеңе қалмайтын болды ғой.

Жауаптылар зиянкестер анықталған 131 мың гектар алқапты 22 секторға бөлген. Әр секторда 10 анықтаушы адам жүр. Ал химиялық өңдеуге 117 техника мен 410 аспалы бүріккіш құралдар тартылған. Одан бөлек, жайылым иелері де шегіртке ошағын анықтауға қолұшын созуда.

Имамжан Шахатов, Арыс қалалық аумақтық инспекциясының басшысы:

Болжам орталығы мамандарының зерттеп қойған жері қазір 209 мың гектар болып тұр. Соның ішіндегі 109 мың гектары қазір химиялық өңдеуден өтіп қойды. Қауіпті кезеңге әлі жақындаған жоқ. Әлі 10 күн, екі апта уақыт бар. Оған дейін үлгереміз деп отырмыз.

Десе де қаптаған шегіртке дәріге дес берер емес. Мамандар зиянкестер қанаттанып кетсе, оны өлтіру оңайға соқпайды деп отыр. Сондықтан бүгіннен бастап Ауылшаруашылығы министрлігі өңірге қосымша 8 дрон жеткізді.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Мәселен бір дронның салмағы 62 келі болады. Мұнда 45 литр дәрі құйылады. Ал әуеде 12 минут ұшады. Осы уақыт аралығында 3 гектар жерді дәрілеп шығады. Артықшылығы сол, түнде де тоқтаусыз жұмыс істей береді.

Бүгінге дейін өңірде 305 мың гектар жер өңделді. Тағы 70 мың гектарға жуық аумақ дәріленуі тиіс.

Айнұр Әбілқасымқызы

Автор
Редакция
Бөлісу