Қазақ музыкасының таңдамалы шығармалары Гарвард университетінің қорына табысталды
Қазақ музыкасы Гарвард университетінің қорына табысталды. Қазақстандық музыканттар қазақ күйлерін ішекті аспаптардың оркестріне бейімдеп жаңа интерпретацияда орындап шықты.
«Қаракемер». Қуат Шілдебаевтың күйін Владимир Дё скрипкада нақышына келтіре ойнап тұр. Бұл - Гарвард университетіндегі Қазақ музыкасының концерті. Осылайша, халық әндері америкалық тыңдарманға тың нұсқада жол тартты.
Таня Яң, тыңдарман:
Cондай тамаша болды. Мен классикалық музыканы сүйіп тыңдаймын, әкем опера әншісі болған. Және осы музыкалық шығармаларды классикалық аспаптың орындауында тыңдау мені ерекше әсерге бөледі. Арасында ерекше ұнатқаным «Дудар-ай» әні болды.
Джастин Отлетт, музыкант:
Шығармалардың маған ұнағаны сонша, жүрегіме терең бойлап, ерекше әсер қалдырды. Музыкант ретінде ішіңдегі айтқың келген сырды аспап арқылы жеткізгендей боласың. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп жеткен халық музыкасының ерекшелігі. Сол дүниені батыс музыкасымен үндестіріп, тыңдарманға тың бағытта жеткізгіміз келді.
Концерт соңында қазақ күйлері Гарвард университетінің әлем музыкасы мұрағатына табысталды. АҚШ-та тұңғыш рет жарық көрген күй ноталары ішекті аспаптардың мақамына икемделген.
Владимир Дё, музыкант:
Қазақстан музыкасы АҚШ-та қалуы үшін тарихта алғаш рет Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» шығармасының партитурасын осында басып шығардық. Бұл қазақстандық композитордың АҚШ кітапханалары жинағына кірген алғашқы еңбек болып отыр. Нью-Йорк пен Гарвард кітапханаларына ұсындық. Енді АҚШ Конгресінің, Колумбия мен Йель университеттерінің қорына табыстауды жоспарлап отырмыз.
Дәстүрлі әуез бен қобыздың үнін заманауи интерпретацияда орындау, оған жаңаша үн қосып, ішекті аспаптардың оркестріне бейімдеу зор еңбек қана емес, тамаша идея дейді мамандар. Демек, Гарвардтағы іс-шара қазақ өнерін АҚШ-та дәріптеудің тың бастауы болмақ.
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
