Абай облысында сапасыз салынған 30 медициналық нысан қайта жөнделіп жатыр
Абай облысында 65 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысына Ұлттық қордан 14 млрд теңге бөлінген. Бірақ қыруар қаржы жұмсалған ғимараттардың тең жартысы қазір қайта жөнделіп жатыр. Мәселен, облыс орталығынан 500 шақырым жердегі Айнабастау ауылында медициналық пункт қыс ішінде салынғандықтан, инженерлік желілері істен шығып, едені езіліп кеткен.
Айнабастау - Ақсуат ауданындағы Қытаймен шекарада орналасқан ең шалғай елдімекен. Айналдырған 5 үй ғана бар. Бірақ даңғарадай медициналық пункт салынған. Оның үстіне қыста салғандықтан сапасыз болды-дейді тұрғындар. Енді мердігер қайта жөндеп жатыр.
Ержан Жақып, тілші:
Құрылысы жеделдетіп жүргізілген медициналық пунктте құрал-жабдықтар түгел қойылып, жылу жүйесі іске қосылған. Алайда қыс ішінде қайтадан істен шығып қалған. Ал ғимарат орталықтандырылған су жүйесіне мүлдем қосылмаған. Сол себепті мынандай бөшке қойылып, оған суды фельдшер шелектеп тасып толтырып жүрмін дейді.
Зейнет жасындағы Дәмеш Омарбаева 40 жылдан бері ауылдың фельдшері. Шекарадағы елдімекенге ешкім келмеген соң әлі жұмыс істеп жүр.
Дәмеш Омарбаева, фельдшер:
Халқы көп жерге салған дұрыс еді деп өзім ойлаймын. Шекаралық аймақ болса да есепсіз салынған. Енді мамыр айынан бері әлі салынып жатыр. Құлап жатыр, қайта салып жатыр. Құлап жатыр, қайта жөндеп жатыр. Есепсіз кеткен ақша.
Өткен жылы салынған медициналық нысандардың 62-сінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру туралы актілері рәсімделген. Алайда, қыс ортасында сыр берген 30 ғимарат қазір кепілдік шеңбері аясында қайта жөнделіп жатыр деді әкімдік өкілдері. Ал, мердігер қаржының екінші бөлігінің тым кеш берілуі құрылыс сапасына әсер етті -дейді.
Ғалымтай Найзабеков, мердігер мекеме басшысы:
Қыркүйектің екінші жартысында республикалық ақша келді. Желтоқсан айында өткізуіміз керек болған бұл жерді. Біздің қолымызда қазан, қараша, желтоқсан айлары ғана. Сондықтан әрлеу жұмыстарында суықта сыр береді.
Құрылыс басқармасы медициналық нысандар дайын болысымен қабылдап алмақ.
Шыңғыс Риаханов, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:
Республикалық бюджеттен қаржыландыру жағынан үлкен мәселелер болды. Сондықтан екінші траншы солай кешігіп берілді. Ақауларды жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін біз толығымен аудандық ауруханалардың теңгеріміне аударып береміз.
Ғимараттарды теңгерімге алғанмен, кейбірінде инженерлік желілер тартылмаған. Өйткені жоба бойынша оны басқа мердігер орындауы тиіс. Сондай-ақ ауылдарда орталық су жүйесінің жоқтығы немесе оның істен шыққандығы да ескерілмеген. Бірақ, Құрылыс басқармасындағылар бұл олқылықтарды ретке келтіреміз деп сендірді.
Ержан Жақып
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
