Бүгіннен бастап «Жабайы алма» тарихи телехикаясы көрсетіледі
Ұлттық арнада – жаңа тарихи телехикая. Бүгін классик жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінің желісімен түсірілген көркем туындының алғашқы бөлімі көрсетіледі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бастамасымен түсірілген телетуынды Жеңістің 80 жылдығына арналған. Соғыс жылдарының салқынын шынайы жеткізген тарихи телехикаяның түсірілімі қалай өтті? Айдана Қуантхан тарқатады.
Телехикаяда зұлмат жылдардың аязы бала жүрегімен, тұнық сезімімен жеткізіледі. Сұм тағдыр ерте есейтіп, кейін жетімдіктің кермек дәмін татқан, бұғанасы қатпаған Қанаттың бейнесі – соғыс балаларының жұпыны тіршілігі, жүрегіндегі тауқымет пен тартысы, сағынышы еді.
Заңғар Миятұлы, актер:
Физикалық және эмоциялық тұрғыдан да қиыншылықтар болды. Көз жас көрсету, Қанаттың ішкі жан күйзелісін көрсету оңай емес. Қанаттың жан дүниесін зерттеуге біраз жұмыс істеуге тура келді.
Сериалда әйел затының ауыртпалыққа дес бермей, тылда ауыр еңбек етіп, десе де мойымаған қайтпас қайсарлығы бейнеленеді. Соның бірі – қазақ әйелінің батыр болмысын бойына жиған, мейірімді, мәрт, достыққа берік – Нұрсұлу. Ол телехикаяда аш өзегі өртеніп, перзенті үшін бір уыс бидай ұрлап, жазықсыз сотталған, рухы мықты ананың рөлін сомдайды.
Мадина Күлсейітова, актриса:
Нұрсұлу Бағила туралы естіген кезде сол жақта өзіне жасаған адамгершілік ісін, мейірімділігін қалай қайтарарын білмеді. Өзінің тұңғыш ұлы қайтты. Бағиланың өлімі туралы есту оған қиынға соқты. Және сол сахнаны сомдау маған ауыр тиді.
Телехикаяның сценарисі Қанат Рамазан «Сайын Мұратбековтің шебер тілі мен баяндау ырғағын бұзбай, классикалық туындыны экран тілі мен талабына сай икемдедім. Заманауи драматургиялық формаларды қолдансам да автордың шығармасының өңін жоғалтпауға тырыстым», дейді.
Қанат Рамазан, сценарист:
«Жабайы алма» телехикаясы – ерекше миссиясы бар жоба. Күллі көрерменнің алысқа ұзап кете қоймаған соғыс жылдары туралы, жалпы іште жатқан рухани қажеттілігіне жауап бердік деп ойлаймын. Бұл - кейіпкердің ішкі толғанысына тұнып тұрған телехикая. Сағынған сайын, сарғайған сайын тәтті болатын тарих болады.
Ауыр естелігі бар тарихи жылдарға құрмет ретінде жарыққа шыққан «Жабайы алма» сериалы қыстың қаһарлы күнінде түсірілді. Сөйтіп, соғыс пен қыстың суық ызғарын ұштастырғымыз келді, дейді шығармашылық топ. Телехикаяның алғашқы бөлімі бүгін кешкі сағат 22:15-те көрсетіледі.
Айдана Қуантхан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
